Қарағанды облысында жол апатынан екі дәрігер қаза болды

2664
Adyrna.kz Telegram
Фото: aikyn.kz
Фото: aikyn.kz

Қарағанды облысында жол апатынан екі дәрігер қаза тауып, "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС Балқаш қалалық емханасының сегіз медицина қызметкері зардап шекті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Сарышаған ауылының жанында болған қайғылы оқиғаға байланысты қайғыра көңіл айтады.

Жол апатынан Балқаш қаласындағы "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС емханасының 2 дәрігері қаза болып, 8 медицина қызметкері зардап шекті. Дәрігерлер Балқаш қаласындағы "Қазақмыс" компаниясының жұмысшыларын профилактикалық қарап-тексеруден өткізіп, қайтып келе жатқан болатын. Олар мінген автобус МАЗ маркалы жүк автокөлігімен соқтығысып, жол апатына ұшырады. Министрлік атынан мезгілсіз көз жұмған Кенжеханова Виктория Ислямқызы мен Қыстаубаева Бақыт Рашитқызының жақындары мен отбасына қайғыра көңіл айтамыз.

Отоларинголог Виктория Кенжеханова мен офтольмолог дәрігер Бақыт Қыстаубаева азаматтардың денсаулығын қорғауға ондаған жыл ғұмырын сарп еткен нағыз кәсіби мамандар еді. Аймақтық денсаулық сақтау саласы орны толмас ауыр қазаға душар болды", - делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, жол апаты 19 қыркүйек сағат 19:30 шамасында "Алматы – Екатеринбург" тасжолында, Сарышаған кентінен 30 шақырым жерде болды. Трассада МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусы соқтығысты. Салдарынан барлығы 4 адам қаза болды. Көлік апаты кезінде автобуста 11 адам отырған.

Пікірлер