Қаңтар оқиғасында көзі көрмей қалған Ермек Әбдірешов кінәсіз деп танылды

2392
Adyrna.kz Telegram
Фото: azattyq.org
Фото: azattyq.org

Қаңтарда болған митингке қатысқан Ермек Әбдірешов кінәсіз деп танылды. Алматы прокуратурасы оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты. Бұл туралы Qantar қоры Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айта кетейік, 37 жастағы Ермек Әбдірешов қаңтар оқиғасынан кейін көзі көрмей қалған. Бір көзі митингтің қызып тұрған шағында көрмей қалды. Оның  бетіне резеңке оқ тиеді. Екіншісі — тергеу изоляторындағы азаптаудан кейін көрмей қалған.

“5 қаңтар күні Ермек Алматы қаласындағы Республика алаңында өткен бейбіт митингке шықты. Демонстранттардың алдында жарық шуылы бар гранаталар жарылды және оларға травматикалық тапаншалардан оқ жаудырды. Ермек жансақтау бөліміне түсті. Төрт күннен кейін оны форма киген адамдар келіп, ауруханадан алып кеткен. Содан кейін оны тергеу изоляторына апарып, тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін айыптайды”, – делінген хабарламада.

Қордың хабарлауынша, жігіттің отбасы оның тергеу изоляторында отырғанын тек 19 қаңтарда ғана білген. Туыстары шу көтеріп, Ермекті тергеу изоляторынан алып шығады. Кейін Алматы тұрғыны іс бойынша жәбірленуші болып танылды.

Ермек Әбдірешовке қатысты QANTAR қорының адвокаттары көптеген заң бұзушылықты анықтаған. Мысалы, соқыр адамнан заңды өкілсіз жауап алынған. Сондай-ақ, оқи алмайтын біле тұра, жауап алу хаттамасына қол қоюға мәжбүрлеген.

“Айыптауды алып тастау — әлі күрестің басы ғана. Алда әлі жұмыс көп. Ермекті азаптаған полицей әлі күнге бостандықта. Ол іс бойынша куәгер ретінде өтеді. Құқық қорғаушылар оның қатысуымен азаптаудың 13 эпизодын анықтады. Полицейді зардап шеккендер мен куәгерлер таныды”, -делінген QANTAR қоры таратқан мәліметте.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер