АРМАН ӘУБӘКІР: Медицина саласы жемқорлық пен қағазбастылықтан қашан арылады?

2844
Adyrna.kz Telegram

Денсаулық сақтау саласындағы күрделі мәселелермен осыдан 10 жыл бұрын әке-шешем қатар-қатар ауырған кезде кездестім. Әкем жүрек дертімен, анам онкологиямен ауырды. Әке-шеше дерті, оқу (магистратура), жұмыс (газеттен бөлек қымыз-шұбат сату), отбасылық мәселелер жан-жақтан құрсауға алғанда көп ұзамай өзімнің де денсаулығым сыр берді. Ол туралы сәл кейінірек жазармын.

Анамның ауруы қауіптірек қой деп сол кісіге бар көңілімді аудардым. Хирург операция үшін 60 мың теңге сұрады. Он жыл бұрын бұл қомақты ақша еді. Мен тапқаным сол болып сәл жеткізбей бердім. Соған ренжіген әлгі дәрігер дұрыс кеңес бермеген. Бірден химия алу керектігін ескертпеген. Білместікпен бастапқы кезеңдегі ауруды осылай асқындырып алдық. Өзім де ол кезде көп нәрсені ұқпайтын жас бала екенмін.

Ол аздай химия алу үшін квотаға құжат жинаймыз. Толып жатқан анализдер тапсырамыз. Бірін тапсырып, нәтижесін алғанда бастапқы тапсырғандардың уақыты өтіп кетіп жатады. Бір құжат дұрыс болмаса, дәрігерлер кері қайтарып жіберуге әр кез әзір тұрады. Осылай салпақтап жүргенде мереке күндер, демалыстар да кедергі. Жан мен тән азабын тартқан адамға күн түгел, әр сағат, сағат емес-ау, минут-секундтың өзі өтпей қояды емес пе? Сол кезден бастап біздегі саны көп демалыстарды суқаным сүймейді.

Өткенде журналист Бану Дәулетбаеваның жазбасын оқып отырып, сол бір азапты күндерді басымнан қайта өткергендей күй кештім. Арада 10 жыл өтсе де, қазақ медицинасы бір қарыс та алдыға жылжымапты ғой. Баяғы сол таз қалпы. Қысқасы, осылай анда-мұнда сүйретіліп жүргенде ем-дом алатын уақытты өткізіп аламыз. Химия уақытын кешіктіруге болмайды. Рак клеткалары химияға бой үйретіп алып, тіпті бас бермейтін болып алады. Осылай құжат жинап салпақтап жүріп ауруды одан сайын асқындырып алдық. Мен анаммен алысып жүргенде әкем жүректен қайтыс болып кетті. Онсыз да “шықпа, жаным, шықпа” деп отырған анамды бұл жағдай тіпті күйретіп кетті. Әлсіреп тіпті химия қабылдай алмайтын жағдайға жетті. Бауыры жарамайтын болып шықты. Әкеден айрылғаным қатты батты, енді анадан да айрылуым мүмкін екенін сезген қу жанымды қоярға жер таппай зар қақсап жүгірдім. Бармаған, баспаған аурухана табалдырығы қалмады. Анам бара жатқанда үміттеніп, көңілденіп үйден шығып, қабылдамағанда еңсесі бірден түсіп кететін еді.

“Енді бір химия алып, рак клеткаларының көзін жоюға мүмкіндігіміз болып қалар” деп үміттендім. Бір күні Республикалық Онкология және радиология орталығының жетекші дәрігері “үмітіңді үз, енді бәрібір өледі” деп дөрекі түрде бетке айтып тастады. Жүрегім тілім-тілім болды. Ең қиыны - бұл сөзді есік артында тұрған анамның естіп қойғаны. Одан кейін тіпті шешемнің беті бері қарауы қиынға түсті. Өмірімде мұндай ауыр сөздің соққысын ешқашан алмаған болармын, бәлкім...

Мен бала кезден әке-шешімді қуанышқа, бақытқа жеткізсем деп армандап өстім. Бірақ ол арманым орта жолдан опат болды. Сол кезде өмірімнің мәні жоғалғандай күй кештім. Әрине, әке-шешемнің қазасына тек дәрігерлер, медицина жүйесі кінәлі деп айта алмаймын. Түрлі-түрлі әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық себептер бар. Бірақ жемқор, дөрекі, сауатсыз дәрігерлер бұл процессті жеделдетіп жіберді.

Мысалы, әкемнің жемқорлық салдарынан денсаулығына байланысты зейнетке шыға алмай Жамбыл облысындағы мекемелердің табалдырығын тоздырып, қаншама ақ тер, көк тер болғаны есіме түссе, сол заматта құлазып кетемін. Өмір мен өлімнің ортасында жүрген адамдардан ұялмай қалай ақша дәметеді? Журналистпін деп мен араласқан соң ғана ең төменгі төлемдегі зейнетке шығарды. 1-ші немесе 2-ші деңгейлісін алу керек, 3-ші деңгейдегі зейнетке әрең шығарып берді. Өзі ауру адамды мың түрлі өтірік құжаттармен сабылтып қойғаны, оларды жинап келгеннің өзінде ілік тауып қабылдамай қоюы (“Уақыты өтіп кеткен” деп) қалай ашуландырмайды? Жүрегі сап-сау адамның өзі осыдан кейін-ақ дертті болмасына, кім кепіл? Міне, біздің былыққа батқан жүйеміз… Сол былық әлі күнге жалғасып келеді екен. Дым өзгеріс жоқ. Өкінішті…

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер