Дін істері комитеті сәләфизмді насихаттаған Назарбаев әулетіне неге көз жұмып отыр?

6299
Adyrna.kz Telegram

Дінтанушы Тұрарбек Құсайынұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақстанда діни экстремизм және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2013-2017 жылдар аралығында 200 млрд.теңге жұмсалған екен. Ол уақытта Кәрім Мәсімов премьер-министр еді. Ал енді Кәрім Мәсімов ұлттық қауіпсіздік комитетіне жетекшілік еткен, яғни 2019-2021 жылдар аралығында экстремизм мен терроризмге қарсы 100 миллиардтан астам қаржы бөлінді.

Мысалы Түркиядағы Бекболат Тілеухан журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында мемлекетке опаздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық міндеттерін асыра пайдаланды деп айып тағылған Кәрім Мәсімовтің саясаткер ретінде ерекше қасиетін бағалап, жер-көкке сыйғызбай мақтады.

«Ол өте терең саясаткер. Сенің агрессияңа агрессиямен жауап беру жоқ. Құдай сақтасын, кездескен жерде жорғалап алдыңа түсіп алады, күлімдеп шығарып салады. Өте терең саясаткер адам. Біздің қазақтың арасында сондай адам бар ма, жоқ па білмеймін», — деген Бекболат Тілеухан өзі патронаж жасайтын "Әл-Баракат" ислами қоры арқылы, ұмытпасам 2007 жылы атақты әзірбайжандық сәләфи идеологы Эльмир Кулиевті Қазақстанға арнайы шақырып, премьер-министр Кәрім Мәсімовпен таныстырған-ды. Соның нәтижесінде Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен уахаби Эльмир Кулиевтің 10 мың данадан астам сәләфилік сарындағы "Тафсир Саади" кітабы ҚМДБ мешіттеріне тегін таратылды. Сол сәләфилік бағыттағы Назарбаевтың қазақты арабтандыру мақсатындағы сыйлық Һәм тегін кітабын оқыған ҚР азаматы Абылайхан Шалимбаев көп жылдарға сотталып кетті.

Ең парадоксті жайт ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті арнайы діни сараптама жасап, сәләфи Эльмир Кулиевтің аталмыш "Тафсир Саади"кітабына теріс қорытынды берген.
Атап айтқанда нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, Дін істері комитеті теріс қорытынды берген діни әдебиеттерді ҚР аумағында таратуға тыйым салған.

Сонымен қатар, бүгінде сәләфизмді қоса алғанда, дәстүрлі емес идеологияны насихаттайтын еліміздің өңірлеріндегі барлық діни өнімнің жолын кесу бойынша іс-шаралар жүргізілуде деген Дін істері комитеті сәләфизмді ашық насихаттаған Нұрсұлтан Назарбаев пен оның әулетіне келгенде неге тым-тырыс һәм үнсіздік танытады?!

Әлде бұдан шығатын қорытынды монархиялық сәләфизмді аңсаған Назарбаев пен оның әулеті және сол саяси жобаны жүзеге асырғысы келген Кәрім Мәсімов, Қайрат Сатыбалды,Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабек сияқтылар діни экстремизмге қарсы бағытталған 300 миллиардтан астам халықтың ақшасын, өз бидайын өзіне қуырып, яғни ортағасырлық араби-парсы идеологияны қазақтың санасына тықпалау мен шырмауға жұмсаған ба?! Бұл деген қасқырға қой бақтыру емес пе?!

Осы фактілерді алға тарта отырып, құзырлы органдар мен мемлекет басшысынан қамаудағы Кәрім Мәсімовтің үкімет пен ҰҚК басқарған кезіндегі экстремизм-терроризмге қарсы кешенді күрес бағдарламасына жұмсалған,яғни халықтың қыруар ақшасының есебін беруін талап етемін!»—деді ол.

Пікірлер