Ермек Бақытбекұлы: «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы нәтиже беріп жатыр

3214
Adyrna.kz Telegram

ҚР  Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерінің «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы басталғалы бері қоғамның көп жайтқа көзқарасы өзгергенін байқауға болады.

Соңғы уақытта қазақ тілді баспалардың артуы жаңа буынның арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырды. Оқып қоймай талдап, талқылап одан қорытынды шығаратын жастар қатары көбейіп келеді. Олардың әдебиетке, мәдениетке, бабалардан қалған құндылықтар мен мұраға көзқарасы тың әрі жаңа. Бұл  «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы негізге алған алғашқы бағыттың бірі – елдің зияткерлік әлеуетін арттыру  бойынша жоспарланған істердің нәтижесі сыңайлы.

Баршаңызға белгілі ұлттық жоба басталған шақта еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту бойынша 38 жоба жоспарланған-ды. 2025 жылға дейін Қазақстандағы барлық оқушы отанымыздың мәдени мұраларымен терең таныстыратын жобамен қамтылады. Бұл «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының алғышарты. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуына мемлекет барынша қолдау білдіріп отыр. Осыдан болса керек ел ішіндегі талантты жастардың жаңа буыны қалыптаса бастады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Алматы қаласындағы №3 Оқушылар үйінің директоры Ермек Бақытбекұлымен сұхбаттасып, жас буынның қызығушылығы мен артықшылықтарын біліп қайттық.

– Ермек Бақытбекұлы, амансыз ба?! Жаңа оқу жылы басталуына санаулы күн қалды, дайындықтарыңыз қалай?

– Аманбыз, көп рахмет! Біз енді атауы айтып тұрғандай Оқушылар үйі болғасын балалар өз үйіне келгендей қолайлы орта жасау үшін барымызды саламыз. Педагогтердің біліктілігін жетілдіріп, балаға анасындай қамқор әрі мейірімді болуына ерекше мән береміз. Сондықтан, «жаңа оқу жылы»» деп соған ғана екпін қоймаймыз. Мекемемізге келген оқушыларды кез келген уақытта құшақ жайып қарсы алатын әдетіміз бар. Ал, жаңа оқу жылы десеңіз, жаңа қарқынмен, жаңа леппен ұлт, ұрпақ ертеңі үшін аянбай тер төгуге дайын тұрмыз.

– Өзіңіз білесіз «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы дәл керек кезінде жүзеге асып жатыр. Өйткені, батыс мәдениеті, бір жақтан өркениетті елдердің сан алуан идеологиясы ұлттық руханиятымызды басып озып бара жатты. Сондықтан бұл ұлттық жоба еңсемізді бір көтеріп тастағандай әсер қалдырғаны рас. Осы бағытта сіз басқарып отырған Оқушылар үйінде қандай шаралар атқарылып жатыр?

– Ұлттық жоба көпшілікке ұсынылған сәтте мұқият оқып, ой сүзгісінен өткіздім. Оның әр бағытын саралап отырып жүйелі һәм нәтижелі жұмыс атқаруға болатынына көз жеткіздім. Мәселен, екінші бағыты – «Ел рухы» деп аталса, соның ішіндегі «мектеп жасындағы балаларды тәрбиемен қамту» дегені қатты ой салды. Мәдениет мемлекеттің рухани дамуының стратегиялық ресурсы екені айдан анық. Сондықтан аталған бағытта біраз жоспар құрып, шетінен орындап келеміз.

– Алматы қаласы, Бостандық ауданына қарасты №3 Оқушылар үйінде отыздан астам үйірме болған болса, осы жылы тағы да қосымша үйірмелер қосып оның санын арттырып жатырмыз. Әрине, балалардың рухани және мәдени статусын көтеруге, адамгершілікке баулуға арналған көптеген жобаларды бастауға тас түйін дайынбыз. Бұл жобалар күні кеше басталған жоқ, бұған дейін де талай іс атқардық. Десе де, өткенге қарап отырып нәтижелі жұмыстың сапасын одан да жақсарту үшін жанашырлық пен жаңашылдыққа бет бұрдық. Бұл педагогиканың алтын қағидасы іспетті. Өйткені, балаларды рухани адагершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу білім берумен шектелмеуі керек. Олардың сезіміне әсер ету арқылы, зияткерлік қабілетін ояту да баса мән берілуі керек жайт. Оқушылар үйінде баланың бейіміне қарап, оларға барынша жүйелі дүниені үйретеміз. Олардың қызығушылықтарына қарай үйірмелер де түрленіп отырады. Кейде ата-аналар тарапынан да ұсыныс пен сұраныстар түсіп жататыны бар. Біз толықтай ашықтық саясатын ұстанып балаға да, атан-анаға жақын әрі қолжетімді болуға тырысамыз. Ұлттық жоба аясында атқарып жатқан ісіміздің бір парасы осы.

– Бала білімімен, тәрбиесімен айналысып жүрсіз ғой. Тәжірибеңізбен бөліссеңіз, сапалы әрі  зияткерлік қарым-қабілеті өткір ұрпақ тәрбиелеу жолында қандай методикаға сүйенген дұрыс?

– Бүгінгі жастардың бойына ұлтымыздың, халқымыздың мәдени мұрасы арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру керек. Сан ғасырдан бері қалыптасқан мәдениет ұлттық кодымызда сайрап тұр, тек соны жаңғыртсақ болғаны. Бірі білер, бірі білмес мәдениеттің өзі үлкен идеологиялық құрал. Толық меңгерсең кіл мықтылар сапындасың, ал, керісінше болса жайың белгілі. Дәл осы тақырыпта «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын талқылау кезінде  Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің сөйлеген сөзі жадымда сақталып қалыпты. «Бүгінде салада бірқатар жүйелі сын-қатерлер байқалуда. Мемлекеттік мәдени күн тәртібін орталықтандырылмаған басқару республиканың әртүрлі өңірлерінде мәдениетті теңгерімсіз қаржыландыруға және соның салдарынан қоғамның құндылық дезинтеграциясының жоғары тәуекелдеріне алып келеді. Ұлттық тарих пен мәдениет туралы сапалы контенттің сұранысқа ие цифрлық көздерде болмауы халықтың бойында идеологиялық вакуумды қалыптастырады және соның салдарынан жалпыұлттық тұтастықты қалыптастыру процестеріне төмен деңгейдегі қатысуына алып келеді», – деген еді вице-министр. Біз тілге тиек еткен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы олқылықтардың орнын толтыруда орасан маңызға ие. Екіншіден, бала естігенге қарағанда көргенін тез қабылдайды. Сондықтан, шартты сауал туындауы мүмкін. Өзіңіз сапалы адамсыз ба? Қоршаған ортаға деген қамқорлығыңыз қалай? Отбасыңызды мейірімге бөлеп жүрсіз бе? Осы іспетті сан сауалға жауап берсеңіз балаңыздың болашығын аз да болса болжай аласыз. Бізге келгенде тек үйрету ғана емес көрсетуге де тырысатынымыз содан.

– «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы талай бастаманы көтеріп, жұмыс атқарып жатыр ғой. Соның ішінде ерекшесі – «Оқитын ұлт» жобасы. Осы жоба шеңберінде сіздер кітап оқу белсенділігін арттыру бағытында нендей шаралар жасадыңыздар?

– Әрине, біздің мекемеміз баланы жан-жақты дамыту үшін түрлі методиканы сынақтан өткізеді. Жоғарыда айтқанымдай жаңа оқу жылы қарсаңында бірнеше жоба әзірлеп отырмыз. Соның бірі – «Бақытты бала» жобасы. Бостандық ауданында орналасқан №29 кітапханамен бірлесіп бірқатар үйірмені оның ішінде тоғызқұмалақ, шахмат, тіл курстары мен қолөнер шеберлік сағаттарын кітапхана базасында өткізу туралы мемарандум жасастық. Ондағы басты мақсатымыз үйірмелер арқылы баланы кітап оқуға баулу. Кітапханаға келген бала міндетті түрде қолына кітап ұстайды, оны ашып парақтайды. Сол арқылы оның оқуға қызығушылығы оянады.

– Білуімше жаз бойы демалыссыз жұмыс істедіңіздер. Тоқсанды қорытындылап, атқарылған шараларға шолу жасасақ.

– Иә, балаларға қосымша білім алуға, өнер үйренуге ең қолайлы шақ жаз мезгілі. Бос уақыты көбірек болады, тапсырмаларды мұқият орындайды, тағысын тағы. Сондықтан осы мезгілде өнімді жұмыс істеуге тырысамыз. Мәселен, жуырда ғана «Күн әлемі» халықтық би ансамблінің жетекшісі Меруерт Әбдісәлімқызы би үйірмесінің қатысушыларына «Қазақ биінің негізгі элементтері» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ондағы мақсатымызқазақ биін үйрету арқылы ұлттық өнерді насихаттау, жас ұрпаққа қазақ биінің қыр-сырын үйрету, сазды әуен мен би ырғағын түсіндіру, эстетикалық талғамының жоғары болуына тәрбиелеу болды.  Ансамбль жетекшісі балаларға бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін, ұлттық сахна өнері жайлы мағлұмат бере отырып олардың таным көкжиегін кеңитеді. «Күн әлемі» халықтық би ансамблінің жетекшісі Меруерт Әлімбетованың артықшылығы әр сабақта балаларға арналған би қойылымдарын, оның мазмұны мен бейнелерін ерекше таңдап, би қимылдарын жеңілдетіп, түсінікті  етіп, ойластырып, биге қатысушылармен жүйелі түрде жұмыс жасайды. Үйірмеге келушілер алғашқы күннен-ақ қазақ биінің жаттығуларымен қоса, әуендік ойындар, бөлек би қимылдары (элементтер), этюдтармен жұмыс жасап, би қойылымдарын үйретіп қайтады. Би де мәдниеттің ең биік көрінісі. Би өнері балаларды әдемілікке, төзімділікке, жинақтылыққа тәрбиелейді, өз ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан би мұрасы арқылы олардың тыныс-тіршілігін танып білуге жетелейді.

Өткен аптада «Қазақ тілі» үйірмесінің жетекшісі Сағынбекова Дидар Баймұратқызының ұйымдастыруымен «Киіз үй» тақырыбында танымдық сабақ өткізілді. Балалар киіз үй туралы ойларын ортаға салып, жаттаған тақпақтарын айтып берді. Сөздік қорды байытуға арналған тапсырмаларды орындап, олардың мағынасын жете түсінуге мүмкіндік алды. Оқушылар үйінің мақтанышы – «Дала сазы» ансамблі. Білікті педагог Жарылкапова Алмаш Ордабекқызы жетекшілік ететін ұжым талай байқауда топ жарып жүр. «Дала сазы» домбырашылар ансамблі Германия, Испания, Астана, Алматы қалаларында өткен Халықаралық конкурстардың бірнеше дүркін лауреаты. Жуырда өнерлі ұжым өздері дайындаған концерттік бағдарламаны көпшілікке ұсынды. Мектеп қабырғасында жүріп, талабы мен талантын танытқан шәкірттеріміз келешекте ел мүддесін, ұлт абыройын асқақтатар жан боларынан сеніміміз кәміл.

– Сұхбатыңызға рахмет!

«Адырна» ұлттық порталы 

Пікірлер