Ақмола облысында 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды

350
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FLhdSV0vJ8U3m0xdx8zH0624EI6hS9XAy2tHsMAJ.jpg

Ақмола облысында 2026 жылдың басынан бері 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 21 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары. Бұл белгіленген жылдық жоспардың 108,5 пайызына тең. Өңірде халықты жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту және кәсіптік даярлау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Adyrna тілшісі.

Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында өңірдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 2,7 пайызды құраған.

Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 20 706 адам жүгінген. Оның ішінде 13 602 азамат жұмысқа орналасып, өтініш білдіргендердің 65,7 пайызы еңбекпен қамтылған.

«Бос жұмыс орындарына қолжетімділікті арттыру мақсатында облыста 155 жәрмеңке ұйымдастырылды. Жұмыс берушілер 7 288 бос жұмыс орнын ұсынған. Жәрмеңкелер нәтижесінде 163 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 67 азамат қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және кәсіптік оқытуға жолданған. Кәсіптік даярлау бағытында да жоспарлы көрсеткіш орындалды. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 300 адамды қамту көзделгенімен, 1 қарашадағы жағдай бойынша 310 азамат оқудан өтті. Бұл жоспардың 103 пайызын құрайды», - деп атап өтті басқармадан.

Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін 334,3 миллион теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 270 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша 104 азаматқа жалпы сомасы 37 миллион теңге грант берілді.

Жалпы, жыл басынан бері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 2 155 адам қатысқан. Олардың қатарында қоғамдық жұмыстарға тартылғандар, жастар практикасына қатысушылар және «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтар бар.

«Біздің басты міндетіміз - тек жаңа жұмыс орындарын ашу емес, олардың тұрақты болуын қамтамасыз ету. Себебі жұмыспен қамту саясатының нәтижесі құрылған жұмыс орындарының санымен ғана емес, азаматтардың тұрақты табыс табуына, кәсіби дамуына және еңбек нарығында өз орнын табуына жасалған мүмкіндіктермен өлшенеді», - деп толықтырды басқармадан.

Пікірлер