Украина АҚШ ұсынысынан бас тартты – БАҚ

189
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/6rYvWqFRcr5sifdwOsEJiWo1tw2VYm1cqgMgukJz.jpg

Украина Ресеймен келіссөздерді ілгерілетіп, бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында АҚШ ұсынған шекараны қайта қарау жөніндегі жаңа бастаманы қабылдамады. Бұл туралы The Telegraph жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басылымның мәліметінше, америкалық келіссөз жүргізушілер аумақтық ымыраға келу нұсқасын ұсынған. Бұл ұсыныс бойынша Ресей Донбастағы майдан шебін толық бақылауға алғанын мәлімдей алады. Алайда Украина өзі бақылауында ұстап отырған қалаларды беруге міндетті болмайды.

Дегенмен, Абу-Дабидегі келіссөздерге жақын украиналық дереккөз The Telegraph басылымына берген түсініктемесінде Киевтің аумақтық жеңілдіктерді талқыламағанын атап өткен.

«Украина делегациясы аумақтық мәселелер бойынша ешқандай жеңілдіктерді талқылаған емес»,- деді дереккөз.

Бұған дейін The Economist басылымы Ақ үйде Украинаның әкімшілік шекараларын қайта қарау туралы ұсыныс талқыланып жатқанын растаған еді. Әсіресе Донецк және Луганск облыстарының шекараларын өзгерту мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды.

Ал Politico басылымы америкалық ресми тұлғаларға сілтеме жасап, Абу-Дабиде өткен үшжақты келіссөздерде Ресей мен Украина аумақтық мәселеде «икемділік танытуға» дайын екенін көрсеткенін жазған.

«Жеке әңгімелерде бұл кездесуді ұйымдастырған америкалық ресми тұлғалар Ресей де, Украина да аумақтық мәселеде белгілі бір деңгейде икемділік танытуға дайын екенін көрсеткенін атап өтті», – делінген жарияланымда.

Сондай-ақ Абу-Дабидегі келіссөздерді ашқан АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер Ресей басшылығының бейбітшілікке дайындығы туралы пікір білдірген.

«Еуропалықтар бізге жиі қоятын сұрақтардың бірі – ресейліктер мен президент Путиннің шынымен бейбітшілікке дайын екендігі. Стивпен (Уиткоффпен – ред.) бірге тиісті жағдай жасалса, бұған толық сенімді екенімізді айта аламыз», – деді ол.

Кушнер екі күнге жоспарланған келіссөздердегі мақсаты ресейлік тарапты «еуропалықтарды да кездесулерге қатыстыруға ақыры көндіру» екенін жеткізген. Алайда еуропалық өкілдер Ресей делегациясы залға кірмей тұрып, келіссөздер өтетін орынды тастап кеткен.

The Telegraph басылымының жазуынша, америкалық шенеуніктер Киев пен Мәскеу арасындағы аумақтық мәселелер бойынша қандай да бір ымыраға Еуропаның қауіпсіздік архитектурасы талқыланбайынша қол жеткізу мүмкін емес деп есептейді.

 

Пікірлер