Неміс тұтқынында домбыра жасаған. Норвегиядан қазақ күйшісінің тарихи суреті табылды

1083
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qkfZNeXNZQN4lQ0BtfOr5ZEjFIu7qOKKGuPn7tZZ.jpg

Фото: Павлодар облыстық филармониясы

Норвегияда өткен аукционнан қазақтың белгілі күйшісі Рүстембек Омаровтың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі суреті табылды. Тарихи фотода музыкант неміс тұтқынында отырған кезде қолдан жасаған домбырасын ұстап тұр. Кейін жәдігерді Павлодар облыстық филармониясы сатып алды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

Бұл олжа 2024 жылы павлодарлық «Панфиловшылар» іздеу жасағы мен норвегиялық зерттеушілер бастаған жұмыстың нәтижесінде анықталған. Мамандар музыканттың соғыс жылдарындағы өміріне қатысты бұрын белгісіз деректерді жинаған.

Зерттеушілердің мәліметінше, Рүстембек Омаров Норвегиядағы Шталаг 322 әскери тұтқындар лагерінде болған. Тұтқында жүрсе де, ол музыкадан қол үзбей, фанера, ағаш және қармақ жібінен домбыра жасап, басқа тұтқындарға күй орындаған. Бірде оның Моцарт шығармасын орындағанын естіген неміс офицері музыкантқа көмектесіп, азық-түлік беріп тұрған. Омаров өзіне берілген тамақты басқа тұтқындармен бөліскен.

Суретті норвегиялық зерттеуші Татьяна Торесен тапқан. Ол бұған дейін павлодарлықтардың музыкант туралы деректі фильмін көрген. Кейін аукционнан кеңестік әскери тұтқындардың фотосуреттерін байқап, суреттегі адамды таныған. Норвегиялық тарихшы Эйвин Коснес фотолардың Шталаг 322 лагерінде түсірілгенін растаған.

26 қазанда өткен аукционда жеті фотосуреттің төртеуі сатып алынған. Олардың арасында Рүстембек Омаров бейнеленген сурет те бар. Кейін оны Павлодар облыстық филармониясы иеленді. Жәдігердің нақты қанша сомаға сатып алынғаны жарияланбады. Жақын уақытта норвегиялық зерттеушілер фотосуреттің түпнұсқасын филармонияға табыстамақ.

Рүстембек Омаровтың қызы Қарлығаш Омарова да суреттегі адамды әкесіне ұқсатқан. Филармония өкілдері фотода музыканттың бейнеленгенін растағанымен, оның нақты қай жерде түсірілгенін анықтай алмаған.

Рүстембек Омаров – Қазақ КСР-інің халық әртісі, күйші, композитор және дирижер. Ол 1919 жылы Павлодар өңірінде дүниеге келген. Соғыста жараланып, Норвегияда неміс тұтқынына түскен. 1945 жылғы мұрағат құжаттары оның азат етілген кеңестік әскери тұтқындар қатарында болғанын көрсетеді.

Елге оралған соң Құрманғазы атындағы оркестрде өнер көрсетіп, Алматы консерваториясын бітірген. Кейін ұстаздық қызмет атқарып, қазақтың күй өнерін дамытуға үлес қосты. Оның «Жастық шақ» күйі көптеген оркестрдің репертуарына енген. Рүстембек Омаров 1988 жылы дүниеден өтті.

Айта кетейік, биыл қаңтарда норвегиялық іздеушілер Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Норвегияның солтүстігіндегі нацистік лагерьлерде қаза тапқан қазақстандық 15 сарбаздың жерленген орындарын анықтаған болатын.

Пікірлер