Тоқаев Сауд Арабиясына жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдірді

218
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4x6mLhSxQYm7ABJRmUyjLYghtj5vhvodEtf0lXYv.webp

Фото: depositphotos.com

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде Йемендегі хуситтер қозғалысының Сауд Арабиясына жасаған шабуылдарын айыптап, мұндай әрекеттерді тоқтатуға шақырды. Бұл туралы «Адырна» Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымы аллеясының ашылуына да тоқталды. Аталған бастама Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның ұсынысымен жүзеге асқан. Тоқаев бұл нысан бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық пен бірліктің символына айналатынына сенім білдірді.

Президенттің айтуынша, Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі, әсіресе Ормуз бұғазы маңындағы ахуалдың күрделенуі халықаралық сауда мен көлік-логистика байланыстарына кері әсерін тигізіп отыр. Оның сөзінше, бұл жағдай шекаралас түркі мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығына да ықпал етеді.

«Қазақстан бауырлас Сауд Арабиясына қарсы хуситтер әскери қозғалысының негізсіз шабуылдарын айыптады. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату қажет деген мәлімдемелерді қолдаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, «Ансар Алла» қозғалысы, яғни хуситтер – Йемен аумағында әрекет ететін қарулы-саяси топ. Қозғалыс Сауд Арабиясы қолдайтын үкіметтік күштермен ұзақ уақыттан бері қақтығысып келеді. Хуситтерге Иран қолдау көрсетеді.

Мәліметке сәйкес, тараптар арасындағы әскери текетірес төрт жылға созылған үзілістен кейін шілде айының ортасында қайта күшейген. Осы кезеңде хуситтер Қызыл теңіздің батыс жағалауындағы және Қызыл теңізді Аден шығанағымен жалғайтын стратегиялық маңызы бар Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы бірқатар елді мекенді бақылауына алған.

28 қазанда қозғалыс өкілдері Сауд Арабиясына бірнеше бағыт бойынша соққы жасағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, елдің оңтүстігіндегі әуе базаларында орналасқан әскери-көлік ұшақтары мен Қорғаныс министрлігі ғимараты зымыранмен атқыланған. Сонымен қатар Сауд Арабиясының шығысындағы Рас-Таннура мұнай өңдеу зауытына да шабуыл жасалғаны хабарланған.

Пікірлер