Ұлытау облысында JOLTAP әлеуметтік жобасын енгізу жоспарланып отыр

46
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/V29o8eakvpgQ8ndwwQIB7vOOG7ryIpHIHdxd0bPu.jpg

Мемлекет басшысының JOLTAP әлеуметтік жобасының табысты тәжірибесін еліміздің өңірлеріне тарату жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Құрмет Саттыбаев Астана қаласына жұмыс сапарымен барып, жобаның іске асырылу тәжірибесімен танысты.

Астана қаласының әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба азаматтарды сұранысқа ие мамандықтарға тегін оқыту, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың табысын арттыруға бағытталған.

Сапар барысында делегация қолданыстағы оқу бағдарламаларын, оқу процесін ұйымдастыру тәртібін, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін, сондай-ақ түлектерді оқу аяқталғаннан кейін қолдау жүйесін зерделеді.

Кездесуде JOLTAP жобасын Ұлытау облысында енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Елордада тиімділігін көрсеткен тәжірибені өңірдің экономикалық ерекшеліктері мен жергілікті еңбек нарығының қажеттіліктеріне бейімдеу жоспарланып отыр. Басым бағыттар қатарында өнеркәсіп кәсіпорындарына, шағын және орта бизнеске, қызмет көрсету саласына қажетті мамандарды даярлау, сондай-ақ тұрғындардың цифрлық дағдыларын дамыту бар.

Келесі кезеңде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды айқындау, жұмыс берушілермен өзара байланысты жолға қою және жобаны өңірде іске асырудың ұйымдастырушылық тетігін әзірлеу көзделген.

Басты міндет – азаматтарға жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуына, кәсіби өсуіне және табысын арттыруына нақты жағдай жасау.

Мұндай бастамаларды енгізу халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге және Ұлытау облысының адами капиталын дамытуға ықпал етеді.

Пікірлер