Болгария астанасы Софияда елдің Олимпиада комитеті вице-президенті, Таеквондо федерациясының президенті Слави Биневті біреулер атып өлтірген, деп хабарлайды "Адырна" Nova телеарнасына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, Слави Биневтің басына оқ тиген. Оқиға орнынан оқ гильзасы табылған.
Кісі өлтіру туралы хабар түскеннен кейін шамамен бір сағаттан соң құқық қорғау органдары үш адамды ұстаған. Олардың бірі — Болгария азаматы, ал екеуі — Түркия азаматтары. Күдіктілер «Траян қақпасы» туннелі маңынан қарумен ұсталған.
Алдын ала болжам бойынша, қылмысқа қаржылық мәселелер бойынша туындаған келіспеушіліктер себеп болуы мүмкін. Ұсталған үш адамның да қару сақтауға рұқсаты болғаны хабарланды.
Қазір София қалалық прокуратурасы аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Ертең үш күдіктіге айып тағу және оларды 72 сағатқа қамауда ұстау туралы шешім қабылданатыны күтіледі.
