«Жауапкершілік жоғары болды». Депутаттар егемендікті еске алады

115
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cch5OBnN770PIrKFHacHtKnxiawvLURLFNmSGGN6.png

Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы депутаттар Егемендік декларациясы қалай қабылданғанын еске алады. 

25 қазан – Республика күні. Бұл мереке алғаш рет 1992 жылы бекітіліп, 17 жыл бойы аталып өтті. 2009 жылы мерекелер тізімінен алынып тасталғанымен, халық жадында сақталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қайта атап өтіп, оған ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды. Осы бастамадан кейін қыркүйек айында Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Соның нәтижесінде 25 қазан – ұлттық мереке, ал 16 желтоқсан – мемлекеттік мереке ретінде бекітілді.

Республика күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануымен байланысты бекітілді. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымының депутаттары егемендік туралы декларацияны қабылдады. Тарихи құжаттың қабылдануына қатысқан депутаттар сол кезеңді еске алып, елдің егемендікке қарай жасаған қадамы, декларацияны талқылау барысы мен ұлттық мәселелер төңірегіндегі пікірталастар туралы айтты.

Жоғарғы кеңеске екі рет, Парламентке екі рет өзін-өзі ұсынып, бір мандаттық жолмен төрт мәрте депутат болған – Амалбек Тшанов.

– 1990 жылдар, Егемендік декларациясын қабылдауға дейінгі Қазақстан қандай болды?

– Ол кез ерекше еді. Уақыт өзгерді, заман өзгерді, саясат өзгеріп жатыр. Енді ол кезде Жоғары кеңесте 360 депутат болдық. Тәуелсіздік қарсаңындағы жұлдызды күндер. Шынын айтсам, сол уақыттағы жұрттың ұйқысы қанбайтын. Қазіргідей емес, сол кездегі ел, мемлекеттік тағдыры қалай болды деген жауапкершілік өте жоғары болды. Сол жауапкершілікке байланысты біздің әрбір депутаттың да өз халқына, еліне деген көзқарасы, пікірі өте жоғары болды. Патриоттық сезім ең жоғары дәрежеде болды десем қателеспеген болар едім.

Алғашында парламенттік-президенттік мемлекет едік. Әрмен қарай қалай өзгергенін өздеріңіз де білесіздер. Жоғары кеңестің он екінші және он үшінші шақырылымдағы депутаттары сияқты тұлғаларды енді көреміз ба, көрмейміз ба, оны да білмеймін. Себебі, сол заманда сайлау ерекше еді. Иә, ешкім ешкімге жалпақтап, көзсіз қоштамады. Кейде майда-шүйде де болған шығар. Бірақ, дегенмен, халық өзі қалаған депутатына дауыс беріп сайлап алды.

ДЕКЛАРАЦИЯ ТАЛҚЫСЫНДАҒЫ ТАРТЫС

– Декларацияны талқылау кезінде депутаттар арасында қандай пікірталастар болды? Құжаттың жекелеген баптарына қатысты келіспеушіліктер кездесті ме?

– Әрине, келіспеушіліктер болды. Тәуелсіздік тұсында қазақ тілі мәселесі өте өткір талқыланды. Шамамен, 114 немесе 115 адам сөйледі.

Ол кезде біздің қазақтардың өзі орыс тілді қазақтар еді ғой. Орыс тіліне көбірек жаны ашып, мән беріп, солай қалыптасып, өзіміздің туған ұлттық тіліміздей қабылдаған азаматтар да көп болды ғой. Солардың бетін бір қарай бұру өте қиын болды. Бірақ дегенмен бәрібір жемісті болды. Басқа да көптеген жайт көп қой. Одан бері 36 жыл өтті. Көп нәрсе өтті. Сол кезеңге мен қазір бір аңыз сияқты қараймын.

Сондағы назарға алғанымыз адами тазалық – ұлттық негізіміз еді. Сол кездегі қазақтар, депутаттар қайда деп ойлаймыз.

– Әлі күнге дейін тіл мәселесі ақсап келе жатыр ма?

– Қазір ақсағанда да керісінше үдеп кетті. Сол кездегі жастардың патриоттық сезімін көрсеңіз, тауды қопарардай еді. Басқа ұлттың азаматтары Қазақстанның ұлттық мемлекет екеніне көзі жетті де, кейбір ұлтшыл, ойы бөтен пікірлілер көшіп жатты. Ал қалғандары балаларын қазақ мектебіне беріп, мәдениетін қабылдап жатты.

«6-7 САҒАТ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСТЕ ҚАРАЛДЫ»

Сол жылдары Алматы қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы болған Ахан Бижанов Егемендік туралы декларацияның қабылдану барысын өз көзімен көргенін айтады. Оның сөзінше, құжатты талқылауға депутаттар мен қоғам өкілдері белсенді қатысып, түрлі ұсыныстар айтқан.

–  Мен сол жылдары осы қаланың басшыларының біреуі, Алматы қалалық депутаттар кеңесінің төрағасы болған еідм. Жоғарғы кеңестің жиналыстарына қатысып тұратынбыз, бізді шақыратын. Соның барлығына қатысып, өз көзіммен талай талқыланған мәселелерді естігенім, қатысқаным бар, - деп еске алады ол.

Ахан Бижановтың айтуынша, сол кездегі депутаттар мен қоғам бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарап, өздерінің ұсыныстарын берген.

– Балама декларация да болған, бұл мәселе Жоғарғы кеңесте 6-7 сағат қаралды. Түрлі ұсыныстар болды, түрлі пікірлер болды. Бірақ түбінде, біздің егемендікті жариялаған, сол егемендігіміздің, мемлекетіміздің, мемлекеттігіміздің принциптерін тағайындаған Декларацияны қабылдады, - дейді Ахан Бижанов.

«АЛҒАШҚЫ ДЕКЛАРАЦИЯНЫҢ МІНДЕТІ»

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымының депутатты болған Нұрлан Оразалин де өз естелігін айтты.

– 360 депутаттық орынның біріне талаптанып, мен де сайлауға түстім. Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту дейтін комитет төрағасының орынбасары болдым. Комитетіміздің төрағасы – Әбіш Кекілбаев. Біздің комитет өте кең және пәрменді комитет болды, Шерхан Мұртаза, Әнуар Әлімжанов, Қадыр Мырзалы, Әбіш Кекілбаев, Камал Смайылов, Қалдарбек Найманбаев, Мұрат Әуезов. сынды азаматтар болды. Бұлардың әрқайсысы ұлттың белгілі бір даму кезеңінде соның сипатын ашатын, сырына бойлауға мүмкіндік беретін, ұлттың қиындығымен бірге күнгейін, көлеңкесін бәрін анықтауға септігі тиетін тұлғалар еді, - деп еске алады бұрынғы депутат.

Нұрлан Оразалиннің айтуынша, Тәуелсіздікті бекітетін заңдарды өмірге алып келу керек болды.

– Осы декларацияның алғашқы жобасын жасауға қызу араластық. Тілді, салтты, дәстүрді, рухты, ұлттық тұтастығымызды, еркімізді бекітетін заңдарды бәрін жасау керек дегеннің алғышарты осы декларацияға негіз болды, - дейді ол.

«БАБАЛАР АҢСАҒАН АРМАНҒА ЖЕТТІК»

Егемендік туралы декларацияны қабылдаған 360 депутаттың қатарында болған Оразалы Сәбден де тарихи күннің маңызын атап өтті. Ол Республика күнімен Қазақстан халқын құттықтап, егемендікке қол жеткізуге үлес қосқан зиялы қауым өкілдерін еске алды.

– Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманына жеттік. Міне, енді тәуелсіз ел болдық. Оңай болған жоқ, - дейді ол.

Оразалы Сәбденов көпшілікті осы мерекемен құттықтайтынын айтады.

– Парламенттің төрт мәрте депутаты ретінде, ғалымдардың атынан, зиялы қауымның атынан, егемендік алудағы баспалдақтың бастауында тұрған адамның бірі ретінде халықты құттықтаймын. Егемендік алған уақытта, академик Зиманов, академик Жабайхан Әбділдин, академик Серікбосын Әбділдаұлы, академик Жолдасбеков, академик Есенов, академик Қозыбаевтың үрім бұтағына, бала-шағасына, немерелеріне қазір алғысымды айтқым келеді, - дейді Оразалы Сәбденов.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Басқа материалдар