Атырау облысында шенеунік Бауыржан Асайыновтың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды “Адырна”.
“Ақ Жайық” дерегінше, ол әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің өңірлік департаментін басқарған.
Асайыновтың қайтыс болғаны туралы ақпарат департаменттің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды. Онда марқұмның жауапты қызмет атқарып, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға күш салғаны айтылған.
«Оның күтпеген жерден қайтыс болуы — әріптестері мен жақындары үшін орны толмас қаза», — делінген хабарламада.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, шенеуніктің денесі 18 қазанда өзі тұрған пәтерден табылған. Алдын ала болжам бойынша, мәйіт табылғанға дейін пәтерде шамамен екі апта жатқан.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», — деп хабарлады полиция.
