Марқұм Ғазиз Байтасов құрметіне арналған медаль тағайындалды

135
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RcYirB2hjanea1i0jE8KOnysSgYlupxLAhRU7WY0.webp

Мемлекет басшысының тапсырмасымен  «Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов» атты ведомстволық медаль тағайындалды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Марапаттың алғашқы данасы батырдың жары Гүлжамал Тәжиеваға құрмет пен алғыс белгісі ретінде табысталды.

Жаңа медальмен қызметтік міндетін атқару кезінде ерлік пен батылдық танытқан ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталады.

Айта кетейік, Ғазиз Байтасов – Қазақстан тарихында «Халық қаһарманы» атағына ие болған алғашқы полиция қызметкері. Ол бұл атаққа 2011 жылы Тараз қаласында болған теракт кезінде көрсеткен ерлігі үшін ие болды.

2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында Мақсат Қариев есімді қарулы қылмыскер бірқатар ауыр қылмыс жасап, тұрғындардың өміріне қауіп төндірді. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен полиция капитаны Ғазиз Байтасов қылмыскерді тоқтатуға әрекет жасады.

Ауыр жараланғанына қарамастан, ол қылмыскерді залалсыздандыруға ұмтылды. Қолындағы гранатаның жарылу қаупін байқаған Байтасов айналасындағы адамдарды қорғау үшін қылмыскерге қарай ұмтылды. Жарылыс салдарынан полиция капитаны қаза тапты. Ол кезде Ғазиз Байтасов 40 жаста еді.

Пікірлер