«Қазақтың қажетіне жарайтын дүние жасағымыз келді». «Қажет Такси» негізін қалаушы жобаның мақсаты туралы

317
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7RLhbEoBZHF7QBzR1fiJPjNDl5Y5mYc4jXVWyQth.jpg

Қазақстанда іске қосылған «Қажет Такси» сервисі аз уақыт ішінде көпшіліктің назарын аударды. Жобаның негізін қалаушы Нұрқанат Қайраттың айтуынша, бұл бастама тек такси қызметін ұсынумен шектелмейді. Оның артында отандық цифрлық өнім қалыптастыру, қазақстандықтардың қаржысын ел ішінде сақтау және жүргізуші мен жолаушының мүддесін тең ұстау идеясы бар. Жобаның қалай пайда болғанын, «Қажет» атауының мәнін және компанияның болашақтағы мақсатын білу үшін кәсіпкермен сұхбаттастық.

Ауыл мен қала арасындағы қатынастан басталған жоба

«Қажет Таксидің» тарихы бастапқыда ауылдар мен аудан орталықтары арасындағы көлік қатынасына байланысты туындаған мәселеден басталған.

Нұрқанат Қайраттың сөзінше, ауылдық жерлерден қалаға қатынайтын таксилердің жұмысын жүйелеу үшін адамдар көбіне WhatsApp мессенджерін пайдаланған. Осы қажеттіліктен туындаған шағын бастама уақыт өте келе ауқымды цифрлық жобаға айналған.

«Бастапқыда ауылдан қалаға қатынайтын таксилерге арналған қызмет ретінде қолға алынды. Өйткені ауылдық және аудандық жерлерде такси қызметі қазіргідей жүйеленбеген еді. Адамдар көбіне WhatsApp арқылы байланысатын. Кейін қолымызда IT-команда болғандықтан, бұл идеяны бүкіл Қазақстанға арналған жобаға айналдыруды ойладық», – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, Ресейдегі жағдайға байланысты туындаған өзгерістер де бұрыннан ойда жүрген жобаны кең көлемде іске асыруға түрткі болған.

Осылайша, бастапқыда белгілі бір өңірдің қажеттілігінен туған бастама Қазақстан көлемінде жұмыс істейтін такси сервисіне айналды.

«Қажет» атауының астарында не бар?

«Қажет» – жай ғана компания атауы емес. Бұл – қазақ қоғамына қажетті қызметтер мен өнімдерді бір ортаға біріктіру идеясын білдіретін бренд.

Нұрқанат Қайрат пен оның серіктесі Думан Бақыткелді 2018 жылы YouTube арнасын ашып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере бастаған. Кейін кәсіпкерлікпен айналысып, қазақтілді аудиторияға арналған цифрлық өнімдерді дамытуға кіріскен.

Осы ізденістердің нәтижесінде «Қажет» платформасы пайда болған. Оның аясында әлеуметтік желі, кітап және өзге де пайдалы қызметтерді біріктіру көзделген.

«Қазақтың қажетіне жарайтын кез келген дүниені бір жерге жинағымыз келді. Сондықтан арнайы платформа жасадық. Оның ішінде такси қызметі де қарастырылған болатын. Кейін сол идеяны дамытып, жеке жоба ретінде іске қостық. “Қажет Такси” – бұрыннан ойда жүрген үлкен бастаманың жалғасы», – дейді жоба негізін қалаушы.

Оның айтуынша, платформаны дамытудағы негізгі мақсат – қазақстандықтарға пайдалы қызметтерді қолжетімді ету және қазақтілді цифрлық ортаны қалыптастыру.

«Біздің мақсатымыз – отандық өнім жасай алатынымызды көрсету»

Кез келген жаңа жобаның алдында нақты мақсат тұратыны белгілі. «Қажет Такси» командасы үшін де негізгі міндет тек табыс табу емес.

Нұрқанат Қайраттың айтуынша, олар Қазақстанда бәсекеге қабілетті цифрлық өнім жасауға және елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосуды көздейді.

«Мақсатымыз – отандық, қазақстандық өнім жасай алатынымызды көрсету. Сонымен бірге өз қаржымыздың өз мемлекетімізде қалғанын қалаймыз. Жалпы, “Қажет Такси” – цифрлық экономикалық тәуелсіздікке ұмтылудың бір көрінісі», – дейді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, отандық цифрлық жобалардың дамуы ел экономикасына ғана емес, қоғамның бірлігіне де оң әсер етуі мүмкін.

Ол «Қажет Таксиді» адамдарды бір жерден екінші жерге жеткізетін қосымша ретінде ғана қарастырмайды. Оның пайымынша, мұндай жобалар ортақ мақсат төңірегінде қазақстандықтарды біріктіре алады.

Жобаның артында ұлттық миссия бар

Нұрқанат Қайрат пен оның серіктесі Думан Бақыткелді Еуразия ұлттық университетінде білім алған. Кәсіпкердің айтуынша, олардың көзқарасының қалыптасуына Алаш қайраткерлерінің идеялары да әсер еткен.

Сондықтан жоба авторлары үшін ұлттық мүддеге қызмет ету мәселесі маңызды орын алады.

«Біз бұл жобаны тек табыс табу үшін бастаған жоқпыз. Оның артында үлкен миссия бар. Алаш қайраткерлерінің жолымен жүріп, қазаққа пайдалы дүние жасағымыз келеді. Қазақстанда жасалған өнім ең алдымен осы елдің азаматтарына қызмет етуі керек деп есептейміз», – дейді Нұрқанат Қайрат.

Оның айтуынша, «Қажет» платформасы аясында қазақтілді цифрлық орта қалыптастыруға, білім мен пайдалы ақпаратты қолжетімді етуге бағытталған бастамалар да қолға алынған.

Осы тұрғыдан алғанда, такси сервисі – компанияның кеңірек мақсаттарының бір бөлігі.

Іске қосылған алғашқы күндердегі нәтиже

Жоба өкілінің айтуынша, «Қажет Такси» іске қосылған алғашқы күндерден бастап қолданушылардың қызығушылығына ие болған.

Кәсіпкердің сөзінше, команда сервисті іске қосуға дейін де цифрлық өнімдер әзірлеу тәжірибесін жинақтаған. Бұған дейін «Қажет» платформасының өзге өнімдерімен жұмыс істеген мамандар жаңа жобаны дамытуға кіріскен.

«Біз мұны бір күнде қолға алған жоқпыз. Бұған дейін IT-командамыз болды, цифрлық өнімдер әзірледік. Сондықтан такси жобасын іске қосу – сол жұмыстың жалғасы», – дейді ол.

Оның айтуынша, команда сервисті жетілдіруді жалғастырып, қолданушылардан түскен пікірлерге сәйкес техникалық мәселелерді реттеп келеді.

«Жүргізуші де, жолаушы да риза болуы керек»

Такси нарығында баға мен қызмет сапасын қатар ұстау оңай емес. Бір жағынан, жолаушы үшін жолақының қолжетімді болғаны маңызды. Екінші жағынан, жүргізушінің еңбегі ақталып, табыс табуына мүмкіндік болуы қажет.

Нұрқанат Қайраттың айтуынша, «Қажет Такси» осы екі тараптың мүддесін тең ұстауға басымдық береді.

«Біз такси саласында демократия орнатқымыз келеді. Яғни жүргізуші де табыс табатындай, жолаушы да риза болатындай жүйе құруды көздейміз. Екі тараптың да құқығы мен таңдауы болуы керек», – дейді ол.

Кәсіпкердің пікірінше, жүргізушіге тек қызмет көрсетуші ретінде қарауға болмайды. Оның да өз еңбегіне қатысты шешім қабылдауға және қолайлы жағдай таңдауға құқығы бар.

Осыған байланысты компания жүргізушілерге қойылатын талаптар мен олардың қызмет көрсету барысындағы жағдайын да назарда ұстайтынын айтады.

Нұрқанат Қайраттың мәлімдеуінше, компания қазіргі уақытта жүргізушілерден комиссия алмайды. Алдағы уақытта да тараптарға тиімді болатын бизнес-модель қалыптастыру жоспарланған.

Бұл ретте комиссияның болмауы сервистің ұзақ мерзімді қаржылық моделіне қалай әсер ететіні және оның кейінгі даму кезеңдерінде қалай жүзеге асатыны маңызды мәселелердің бірі болып қала береді.

Баға саясаты қалай қалыптасады?

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Қажет Такси» қызметінің бағасы өте арзан екені туралы пікірлер тараған.

Нұрқанат Қайраттың айтуынша, компания баға саясатын қалыптастыру кезінде әр өңірдің ерекшелігін ескеруге тырысады.

Қазіргі уақытта команда Қазақстанның әртүрлі қалаларындағы жолақы құнын саралап, қызметтің қолжетімді болуына және жүргізушілердің мүддесіне назар аударып отыр.

«Біз Қазақстан бойынша бағаларды қарастырып жатырмыз. Ірі қалалардағы жағдайды реттеп алдық. Қазір ауылдардағы баға мәселесін де зерттеп, халыққа да, жүргізушіге де қолайлы шешім табуға тырысып жатырмыз», – дейді ол.

Бұл бағыттағы жұмыс сервистің тек ірі қалаларда ғана емес, шағын елді мекендерде де қолжетімді болуына мүмкіндік беруі мүмкін.

Дегенмен бағаның төмен болуы ұзақ мерзімде қызмет сапасына, жүргізушілердің табысына және компанияның тұрақтылығына қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді.

Негізгі қиындық қай тұста?

Ірі компаниялармен бәсекелесу кезінде технологиялық мүмкіндік, қаржылық тұрақтылық және тұтынушылар сенімі маңызды рөл атқарады.

Нұрқанат Қайраттың пікірінше, команда технологиялық бағытта тәжірибелі мамандарға сүйене алады. Оның айтуынша, IT-мамандардың бірқатарының тәжірибесі 14–15 жылға жетеді.

Сондықтан ол негізгі қиындықтардың бірі ретінде қаржы мәселесін атап өтті.

Бұл ретте жаңа сервистің нарықтағы ұзақ мерзімді орны оның алғашқы танымалдығымен ғана емес, қызмет сапасын тұрақты ұстап тұруымен, жүргізушілер мен жолаушылардың сенімін ақтауымен де айқындалмақ.

Жоба командасы үшін ендігі міндет – алғашқы қызығушылықты тұрақты қолданушы аудиториясына айналдыру және сервисті Қазақстанның әр өңірінде дамыту.

Отандық цифрлық өнімнің болашағы

«Қажет Такси» жобасының негізін қалаушының айтуынша, бастаманың басты ерекшелігі – оның жергілікті қажеттіліктерден туындауы және қазақстандық аудиторияға бағытталуы.

Ауыл мен қала арасындағы қатынас мәселесінен басталған жоба бүгінде кең ауқымды цифрлық сервиске айналуды көздеп отыр.

Оның болашағы тек қолданушылар санына емес, қызмет сапасына, баға саясатына, жүргізушілермен қарым-қатынасқа және компанияның тұрақты даму моделіне де байланысты болмақ.

Нұрқанат Қайрат үшін бұл бастама – қазақ қоғамына пайдалы өнім жасауға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстың бір кезеңі.

«Қазақтың қажетіне жарайтын дүние жасағымыз келді» деген идеядан басталған жоба енді отандық цифрлық нарықта өз орнын қалыптастыруға ұмтылып отыр. Ал оның бұл мақсатына қаншалықты жететінін уақыт пен нақты нәтижелер көрсетеді.

Гүлбаршын Нұрхан

 

Пікірлер