Президент Тоқаев «Атлетико Мадрид» клубының бас директорын марапаттады

64
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iNr6WBQeRRokWlJXt1R4tfvOC7SP4LcMdwnN2Dbo.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испанияның «Атлетико Мадрид» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринмен кездесті, деп хабарлайды “Адырна”. 

Тараптар Қазақстанда футболды дамыту және екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Ақорданың мәліметінше, президент «Атлетико Мадрид» клубымен орнатылған ынтымақтастықты жоғары бағалап, қонақтың Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу барысында Қазақстанда футбол инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи жаттығу базаларын салу және жас ойыншыларды даярлау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Сондай-ақ футбол клубтарын жекешелендіру үдерісі мен FIFA-мен бірлесіп, еліміздің өңірлерінде балаларға арналған 100-ден астам футбол алаңын салу бастамасы айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Испания құрамасы мен испаниялық футбол мектебінің тәжірибесін зерделеп, оны қазақстандық жас футболшыларды даярлау ісінде қолдануға мүдделі екенін жеткізді.

Өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Марин Алматы облысындағы «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымына оң баға беріп, оның болашақта футболға арналған жетекші оқу-жаттығу кешендерінің біріне айналатынын атап өтті.

Кездесу соңында мемлекет басшысы Мигель Анхель Хиль Маринді Қазақстанда футболды дамытуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Пікірлер