19 қазан – Құтқарушылар күні. Осыдан 31 жыл бұрын дәл осы күні Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылып, кейін бұл дата құтқарушылардың кәсіби мерекесіне айналған болатын. Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан қызмет өкілдері үшін бұл - еңбектің бағаланатын, қызметтік борышқа адалдықтың ұлықталатын күні.
Осындай атаулы күнде соңғы кезекшілігінен оралмаған азаматтардың есімі де ерекше құрметпен аталады. Олардың өмір жолын еске алу – мамандықтың жауапкершілігін сезіну, адам өмірін қорғау жолындағы еңбектің қадірін түсіну. Қазақстанның өртке қарсы қызметі тарихында қызметтік борышына адал болып, жалынмен арпалысып жан қиған азаматтар аз емес.
1989 ж. Алматы. 1989 жылғы 20 мамыр Алматының өртке қарсы қызметі тарихында ауыр күн болып қалды. Алматы-2 теміржол стансасының кірме жолдарында болған апаттан газ цистернасы зақымданып, өрт шықты. Өртті сөндіру барысында болған жарылыс оқиға орнында жұмыс істеп жатқан өрт сөндірушілерге ауыр соққы болды. Еркін Исқақов сол жерде қаза тапты, басқа қызметкерлер ауыр күйік алды. Осы апат салдарынан тоғыз өрт сөндіруші өмірден өтті. Олар – Фарид Шарипов, Құралхан Аққұлов, Ильшат Сафаргалиев, Владимир Никуленко, Ислам Абдранов, Расул Касымов, Михаил Маликов, СейілӘлімтаев және Еркін Исқақов. Өрт сөндірушілердің іс-қимылы қалған газ цистерналарының жарылуына және өрттің тұрғын аумаққа таралуына жол бермеуге мүмкіндік берді. Олардың әрқайсысы қайтыс болғаннан кейін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.
1990 ж. Алматы. Алматы гарнизоны тағы бір қызметкерінен айырылды. 1990 жылғы 3 қаңтарда қаладағы құрылыс алаңдарының бірінде мұнаралы кранның кабинасы өртенді. Кабинада қосулы қалған электр жылытқыштан өрт шыққан. Оқиға орнына келген №6 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері автосатыны пайдалануға кірісті. Ішкі қызмет сержанты Балабек Ахмедов сатыға көтеріліп, өрт сөндіру оқпанымен жалынды басқан. Өрт аз уақыт ішінде сөндірілді. Алайда осы кезде ол тұрған саты құлап, Балабек 29 метр биіктіктен қазаншұңқырға құлап, қызметтік міндетін орындау кезінде өрт сөндіруші қаза тапты. Оның құрметіне өзі қызмет еткен бөлімде мемориалдық тақта орнатылып, есімін еске алуға арналған спорт жарыстары ұйымдастырылып тұрады.
1993 ж. Семей. 1993 жылғы 4 желтоқсанда Семейдегі цемент зауытында болған өрт Валерий Белоножко мен Рахимғали Икеновтің өмірін қиды. Өртті барлау және сөндіру жұмыстары кезінде ғимараттың темірбетон жабыны опырылып, екі қызметкер үйінді астында қалды. Екеуі де ішкі қызмет прапорщигі, бөлімше командирі болған.Олардың ерлігі мен жанқиярлығы мемлекеттік деңгейде бағаланып, қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Семейде екі көшеге олардың есімі берілді, қызмет еткен бөлім ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Әріптестері оларды тәжірибелі, қызметін жауапкершілікпен атқарған мамандар ретінде еске алады.
2005 ж. Қостанай. 2005 жылғы 17 желтоқсанда паркет өндіретін ағаш өңдеу цехының кептіру бөілігінде болған өрт ішкі қызмет сержанттары Ринат Ашубаев пен СәбитНұрбаевтың өмірін жалмады. Олар Қостанай облысы Өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған. Өртті сөндіру барысында шаң-ауа қоспасы жарылып, жалын цехтың бүкіл аумағына бір мезетте тараған. Ауыр жарақат алған құтқарушылар оқиға орнында қаза тапты. Құтқарушылар қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
2007 ж. Қарағанды. 2007 жылғы 26 шілдеде Қарағанды қаласындағы тоғыз қабатты тұрғын үйде болған өртте ішкі қызмет сержанты Артем Новиков қаза тапты. Ол Қарағанды облысы Өрт сөндіру қызметінің мамандандырылған жасағында аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған.
Оқиға кезінде Артем қауіпсіздік бекетінде бекетші болған. Осы сәтте бір әйел жанып жатқан пәтерде ұлының қалғанын айтып, оны құтқаруды өтінген. Артем бірден баланы іздеуге кіріскен. Алайда пәтер ішіне жылдам әрі қарқынды таралған жалын оның кері қайтар жолын бөгеп қалған. Жоғары температураның әсерінен жарақат алған өрт сөндіруші оқиға орнында жан тапсырды. Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Артем Новиков қайтыс болғаннан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
2010 ж. Астана. 2010 жылғы 17 ақпанда Астана қаласындағы жерасты қорғаныш құрылысында болған өрт үш қызметкердің өмірін қиды. Олар - елордалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Валерий Зайцев, №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет аға лейтенанты Саят Абеев және №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, өртке қарсы қызмет майоры Руслан Кәкішев.
Өрт барысында Руслан Кәкішев жоғалып кеткен. Валерий Зайцев газ-түтіннен қорғау қызметі буынының құрамындаәріптесін іздеуге аттанып, қайта оралмаған. Осы өрттісөндіру кезінде Саят Абеев те қаза тапты.
Кейін Валерий Зайцев, Саят Абеев және Руслан Кәкішев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Олардыңесімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында Астана қаласыТЖД Өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өртсөндіру бөлімі аумағында мемориалдық тақталарорнатылып, аллея ашылды.
2012 ж. Теміртау. 2012 жылғы 15 мамырда Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Темиртау» акционерлік қоғамының агломерациялық цехында болған өрт 2 өрт сөндірушінің өмірін қиды. Қызметтік міндетін атқару барысында Қарағанды облысы «Өрт сөндіруші» АҚ филиалының №1 жасағына қарасты №14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Роман Балабашин мен өрт сөндіруші Тұяқ Үпбаев қаза тапты. Өндірістік цехтағы жалынмен күрес олардың соңғы қызметі болды. Екеуінің де артында жұбайлары мен екі-екіден баласы қалды. Роман Балабашин мен Тұяқ Үпбаев «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында өздері қызмет еткен №1 жасақ аумағында ескерткіш орнатылды.
2018 ж. Риддер.2018 жылғы 22 сәуірде Риддер қаласында құрғақ шөп өртіне бара жатқан өрт сөндіру автомобилі аударылды. Апат салдарынан Шығыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің Риддер қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау прапорщигі Владимир Синельников қаза тапты.
2020 ж. Батыс Қазақстан облысы. 2020 жылғы 18 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің №6 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау старшинасы Жангелді Сисеналиев мерт болды. Өрт сөндіру көлігімен жолда келе жатқанда алдыңғы дөңгелек жарылып, жол-көлік оқиғасы болған.
2021 ж. Ақсу. Арыстанбек Машрап өрт сөндіру қызметіне 2018 жылы келген. Павлодарда туған жас маман бөлімше командиріне дейін өскен. Ол жастайынан грек-рим күресімен айналысып, облыстық және халықаралық жарыстарға қатысқан. Спорттағы дайындығын, жинақылығын жауапкершілігі мол мамандықпен ұштастырған азаматтың қызмет жолы ұзаққа созылмады.
2021 жылғы 25 ақпанда таңғы сағат 7:46-да Ақсу қаласының Ақсу шағын ауданындағы тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Төрт бөлмелі үйдегі өрт 80 шаршы метр аумақты қамтыған. Оқиға орнында жұмыс істеп жатқанда №12 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Арыстанбек Машраптың жағдайы нашарлаған. Ол медициналық мекемеге ес-түссіз жеткізіліп, кейін дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлады. 1997 жылы туған Арыстанбектің артында жұбайы мен ұлы қалды. Ол қазасынан кейін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Қызмет еткен бекетінде мемориалдық тақта орнатылды.
2021 ж. Жамбыл облысы. 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрілер қоймасында өрт шықты. Сағат 18:47-де 101 пультіне қоймадағы түтін туралы хабар түскен. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жіберіліп, өртті сөндірумен қатар маңайдағы елді мекендердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жүргізілді. ТЖМ-нің сол кездегі жедел мәліметінде 710 тұрғынның эвакуацияланғаны көрсетілген.
Өрт пен жарылыс азаматтық қорғау жүйесіне ауыр қаза әкелді. Осы оқиға салдарынан Мейіржан Айманов, Александр Микропуло, Сергей Заикин, Тәңірберген Төребеков, Ғафан Қуатбек, Арнұр Темірболатов, Елдос Сандыбаев, Әділет Әділбек, Әліби Кеңес және Жәнібек Тұрманов өмірден өтті. Олардың арасында өрт сөндіруге басшылық жасаған офицерлер, қарауыл бастығы, өрт сөндіруші-құтқарушылар мен жүргізуші болды.
Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Айманов Жамбыл облысы Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары еді. Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.
2022 ж. Астана. 2022 жылғы 16 қарашада Астанадағы Бауыржан Момышұлы даңғылында орналасқан «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде өрт шықты. Сағат 10:43-те түскен шақыртудан кейін жеткен өрт сөндірушілер 11-қабаттағы пәтердің жанып жатқанын анықтады. Қою түтін тұрғындардың өздігінен сыртқа шығуын қиындатқан. Өрт сөндірушілер адамдарды құтқаруға кіріскен.
Асқар Забикулин 12-қабаттағы пәтердің терезесінен құтқару арқанымен төмен түсіп, өртеніп жатқан 11-қабаттағы пәтерге кірген. Іштен екі адамды тауып, әріптестері бұзып ашқан есік арқылы алып шыққан. Бұдан кейін көрші пәтерге кіріп, түтін арасындағы балконнан өздігінен шыға алмай тұрған он жастағы баланы тапқан. Осы құтқару әрекеттерінің нәтижесінде ол үш адамның өмірін сақтап қалды.
Адамдарды құтқару кезінде Асқардың денесінің шамамен 80 пайызын күйік шалған. Бірнеше күнге созылған емге қарамастан, ол 2022 жылғы 20 қарашада өмірден озды. Көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Кейін Астанадағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне оның есімі беріліп, ескерткіші орнатылды.
2023 ж. Алматы. 2023 жылғы 8 мамырда Алматыдағы Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өрт сөндіру кезінде азаматтық қорғау сержанты Арслан Құрманбеков қаза тапты. Ол Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің №7 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші-құтқарушы болып қызмет атқарған.Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін ол ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
2023 жылдың маусымында Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында» орман өртенген еді. Өрт салдарынан 60 мың гектар орман қоры жойылған. «Семей-Орманы» резерваты Новошульбинск филиалының 15 қызметкері қаза болды.
2024 ж. Құлсары. 2024 жылғы 29 мамырда Құлсары қаласында су сору бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде азаматтық қорғау сержанты Бейбарыс Рақым мерт болды. Ол Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі болып қызмет атқарған.
2001 жылы туған жас қызметкер су тасқынына қарсы жұмыстарға қатысқан. Құтқарушы Махамбет, Қызылқоға және Жылыой аудандарында бөгеттерді нығайтуға атсалысқан. Құлсарыдағы «Басшы ата» зиратында жиналған суды сорып шығару кезінде жоғары кернеулі электр тогына түсіп, қаза тапқан. Бейбарыс қайтыс болғаннан кейін Рахымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
2024 ж. Қарқаралы. 2024 жылғы 6 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Ақын қыстағы маңындағы дала өртін сөндіру кезінде аға өрт сөндіруші-құтқарушы Хали Хайрат қаза тапты. Ол облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің №24 өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарған.
2026 ж. Абай облысы. 2026 жылғы тамызда Абай облысында екі өрт сөндіру қызметкерінің жол апатынан қаза тапқаны туралы хабар тарады. Семей–Курчатов тасжолында болған көлік соқтығысы Ермек Сыдықов пен Арнұр Әдікеновтің өмірін қиған.
2026 ж. Батыс Қазақстан. 2026 жылғы 3 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданындағы «Татран» қыстағы маңында құрғақ шөп өртін сөндіру кезінде Миршат Марсұлы Халиуллин ауыр жарақат алды. Өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі қызметін атқарған азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан құтқарушылардың тұтас тізімі емес. Ел қауіпсіздігі мен адам өмірін қорғау жолында жанын қиған әрбір қызметкердің есімі құрметке, ерлігі ұрпақ жадында сақталуға лайық. Жалынмен арпалысып жан қиғандардың ғұмыры үзілгенімен, олардың атқарған ісі халық жадында қалады. Аман қалған адамдар, қорғалған үйлер, апаттан сақталған елді мекендер – сол еңбектің жемісі.
Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы
Ұлытауда үздіктер ұлықталды: Үздік білім ұйымдары мен педагогтарға қомақты ақшалай сыйақы табысталды
