18 қазанда еліміздің бірнеше ірі қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Синоптиктердің болжамына сәйкес, ауа сапасының нашарлау қаупі Алматы, Астана, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау және Ақтөбе қалаларында байқалуы мүмкін.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде желдің баяу соғуы, температуралық инверсия мен тұман сияқты факторлар атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына әсер етеді. Соның салдарынан ауаның ластану деңгейі артып, адам денсаулығына кері ықпал етуі ықтимал.
Осындай күндері мамандар тұрғындарға бірқатар сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- Автожолдар мен өндіріс орындарының маңында ұзақ уақыт болмауға тырысыңыз.
- Тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім адамдар қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені жөн.
- Ашық ауада қарқынды жаттығулар жасауды және ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша шектеген дұрыс.
Ұқсас жаңалықтар
