Ұшақтағы дау. Актриса күдікке ілінді

117
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kpmoTrUFUNppEWcQeB4C0RnPjxGNYOIsGLUVxkvg.webp

АҚШ-тың танымал актрисасы Сельма Блэрге ұшақ бортында бортсеріктерге, полиция қызметкеріне және медбикеге шабуыл жасады деген айып тағылды, деп хабарлайды “Адырна”. 

Актриса кінәсін мойындаған жоқ. Қорғау тарапы оқиғаға дәрі-дәрмекті уақытында қабылдамау мен қатты шаршаудың әсері себеп болуы мүмкін екенін айтты

12 қазанда Сельма Блэрге екінші дәрежелі шабуылға қатысты екі айып тағылған. Іс бортсеріктермен, полиция қызметкерімен және медбикемен болған оқиғаларға байланысты қаралып жатыр.

Актрисаның адвокаты Шон Барнстың айтуынша, Блэр ұшар алдында шашыраңқы склерозға қарсы дәрісін қабылдамаған. Сондай-ақ ол құлап, басын соғып алған. Қорғаушы актрисаның түсірілім алаңында ұзақ жұмыс істеп, қатты шаршағанын да атап өтті. Оның сөзінше, осы факторлар мен биіктіктің әсері актрисаның бағдардан жаңылып, абдырап қалуына себеп болуы ықтимал.

Адвокат болған жағдайдың қасақана жасалған шабуыл емес екенін алға тартты. Қорғау тарапы соттан актрисаның киноиндустриядағы жетістіктерін де ескеруді сұраған. Алайда судья Индира Хан танымалдық адамның заң алдындағы жауапкершілігін өзгертпейтінін айтты.

Сельма Блэр өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Сот оны 20 мың доллар қолма-қол кепіл немесе 60 мың доллар кепілдік беру шартымен босату туралы шешім қабылдады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, оқиға 11 қазанда Лос-Анджелестен Нью-Йоркке бағыт алған Delta әуе компаниясының ұшағында болған.

Айыптау нұсқасына сәйкес, ұшу кезінде актриса бір бортсерікті ұрып, екіншісін тістеген. Ұшақ Нью-Йорктегі Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежайға қонғаннан кейін Блэр ұсталып, ауруханаға жеткізілген.

Жолда ол полиция қызметкерінің басынан бірнеше рет тепкен деген айып та тағылған. Кейін ауруханада медбикеге шабуыл жасады деген күдікке ілінген.

Актрисаның өкілі оның ұстамасы болғанын хабарлады. Ұшақ қонғаннан кейін Блэр медициналық көмек алып, жағдайы тұрақтанған.

Егер сот Сельма Блэрдің кінәсін дәлелдесе, оған екі жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сельма Блэр — америкалық актриса. Ол «Қатыгез ойындар» (1999), «Заңға бағынатын аққұба» (2001) және «Хеллбой: Тозақтан келген батыр» (2004) фильмдеріндегі рөлдері арқылы танылған. Сондай-ақ «Достар» телехикаясына эпизодтық рөлде түскен.

Пікірлер