Күнделікті қалада жолаушы тасымалдайтын жүргізуші тек көлік жүргізетін адам емес. Ол жүздеген, мыңдаған адамның қауіпсіздігіне де жауап береді. Өзгенің құқығына жанашыр ол өз құқықтары бар екенін де айтады. Бірақ сол құқық қаншалықты қорғалған?
Таңғы төртте оянып, қала әлі ұйқы құшағында жатқанда жұмысқа қамдану – Ерболат Омаров үшін ондаған жыл бойы қалыптасқан өмір салты. Бүгінде ол – Алматы облысы Қарасай ауданындағы Жалпақсай ауылынан Бауыржан Момышұлы метро станциясына дейін қатынайтын №78 бағыттағы автобустың жүргізушісі.
Жолаушыларды діттеген жеріне аман жеткізуді басты міндеті санайтын жүргізуші қоғамдық көлік саласында отыз жылға жуық еңбек етіп келеді.
Жетісу облысы Сарқан ауданының Қарабөгет ауылында дүниеге келген Ерболат Омаровтың еңбек жолы қоғамдық көлікпен емес, ветеринария саласымен басталған.
– Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжін «Ветеринария» мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқуды бітіргеннен кейін алты жыл ауылда мал дәрігері болып жұмыс істедім. Ол кезде ауыл шаруашылығының жағдайы мүлде басқа еді. Кейін тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі басталды. Мал басы азайып, салада жұмыс істеу қиындай түсті. Отбасымды асырау үшін басқа кәсіп іздеуге тура келді. Сөйтіп жүргізушілікке бет бұрдым,- дейді ол.


Еңбек адамы 1996 жылы Жансүгіров ауданына қоныс аударып, наубайхананың автобусын жүргізген. Жұмысшыларды тасымалдаумен айналысқан ол үш жылдан кейін Алматыға қоныс аударған. Алғашында КАВЗ автобусын тізгіндесе, 2000 жылдан бастап қала көшелеріне жаңадан келген оңтүстіккореялық Daewoo автобустарын жүргізе бастаған. Сол кезден бері қоғамдық көлік саласынан қол үзбеген.
– Әуелі №37, кейін №166 бағыттарында жұмыс істедім. Содан бері қоғамдық көліктің рөлінде келемін. Байқасам, арада отыз жылға жуық уақыт өтіп кетіпті, - дейді жүргізуші.
Қоғамдық көлік жүргізушісінің жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, оның артында үлкен жауапкершілік жатыр. Ерболат мырзаның жұмыс күні таңмен таласа оянудан басталады.
– Ауыспалы жұмыс кестесімен еңбек етеміз. Таңғы сағат төртте оянамын. Дайындалып, автопаркке барамын. Сағат 5:30-да бағытқа шығуымыз керек. Кейде кезекші болған жағдайда түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейміз. Автопаркке жетудің өзіне 30-40 минут уақыт кетеді. Сондықтан бұл жұмыста тәртіп пен жауапкершілік бірінші орында тұрады,- дейді ол.
Айтуынша, қоғамдық көлік жүргізушісі тек автобус жүргізіп қана қоймайды. Ол жүздеген адамның қауіпсіздігіне жауап береді.
– Рөлге отырған адам бір сәтке де босаңсуға болмайды. Қалада кептеліс көп, қозғалыс қарқынды. Бір жүргізушінің қателігі ондаған адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әр секунд сайын жолды бақылап отырасың. Біздің ең басты міндетіміз – жолаушыларды аман-есен діттеген жеріне жеткізу. Осы жылдар ішінде аздап психолог болып кеттім десем де болады. Автобусқа кірген адамның түріне қарап-ақ көңіл күйін шамалай аламын. Біреуі жұмысынан шаршап келеді, біреуі асығып жүреді, енді бірі өміріндегі қиындықтарды ойлап отырғанын байқатпай тұра алмайды. Күніне жүздеген жолаушыны көрген соң адамдарды түсіне бастайсың,- дейді ол.

Жүргізушінің сөзінше, қоғамдық көлік саласында психологиялық тұрақтылық ерекше маңызды.
– Кейбір жолаушы ашулы келеді, кейде орынсыз сөз айтып кететіндері де кездеседі. Ондай жағдайда дауласуға болмайды. Сабыр сақтап, жағдайды ушықтырмау керек. Жүргізушінің психологиялық дайындығы мықты, күйзеліске төзімді болуы өте маңызды. Өйткені күні бойы сан түрлі мінездегі адаммен жұмыс істейсің, - дейді тәжірибелі маман.
Ерболат Омаров еңбек жолының басым бөлігін кондуктормен бірге өткізген.
– Шамамен 16 жыл кондуктормен жұмыс істедім. Ол кезде жүргізушінің жұмысы біршама жеңіл болатын. Кондуктор жолаушылармен жұмыс істеді, төлем мәселесін қадағалады, тәртіпке қарады. Қазір олардың міндетінің біраз бөлігі жүргізушілерге жүктелген. Сондықтан рөлде отырып қана қоймай, салондағы жағдайды да назардан тыс қалдырмауға тырысамыз,- дейді ол.
30 жыл бойы Алматы көшелерінде жолаушы тасыған жүргізуші қаланың қалай өзгергенін өз көзімен көрген.
– Алматы бұрынғыдан әлдеқайда үлкейіп кетті. Жаңа ықшамаудандар, тұрғын үй кешендері көптеп салынып жатыр. Қала халқы көбейді. Халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарды, жеке көлігі бар адамдар саны артты. Бірақ автотұрақ мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Соның салдарынан көліктер жол бойына қойылады. Бір жолақтың өзі тарылып қалады. Бұл өз кезегінде кептелістің көбеюіне әсер етеді. Қаладағы көлік қозғалысын жеңілдету үшін осы мәселеге көбірек көңіл бөлінсе екен деймін, - дейді жүргізуші.
Соңғы жылдары қоғамдық көлік жүргізушілеріне жасалған шабуылдар туралы ақпараттар жиі жарияланып жүр. Ерболат Омаров бұл мәселенің өткір тұрғанын айтады.
– Жаңалықтардан түрлі жағдайларды көріп, естіп жүрміз. Жолаушылардың арасында әртүрлі адам болады. Кейде агрессия көрсететіндер де кездеседі. Сондықтан жүргізушілердің қауіпсіздігіне, құқықтық қорғалуына көбірек назар аударылса деймін, - дейді ол.
Өмірін қоғамдық көлік саласына арнаған Ерболат Омаров үшін жүргізушілік – жай ғана мамандық емес. Бұл – күн сайын мыңдаған адамның өміріне жауап беру, оларды уақытында жұмысқа, оқуға, үйіне жеткізу. Қала тұрғындары асығыс мінген автобустың рөлінде осындай еңбек адамдарының маңдай тері мен үлкен жауапкершілігі тұрғанын көп жағдайда аңғара бермейді. Бірақ мегаполистің тынысы дәл сол жандардың еңбегімен жалғасып жатқанын естен шығармағанымыз абзал.
Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы
