Көкшетауда Президенттің таңдаулы сөздері жинақталған жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fXO6W1waEYLbijjtqYvSAsy3y8Hp0hNbNjI2QRyr.jpg

Көкшетаудағы Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдары саясат сахнасында қазақ және орыс тілдерінде айтқан таңдаулы сөздері мен ой-тұжырымдары топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа жинақтың тұсаукесері өтті.

Жиынға Ақмола облысының мемлекеттік органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, жазушылар мен жастар қатысты.

Кездесуді ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өңірге кітаптың алғашқы партиясы жеткізілгенін атап өтті. Жаңа басылымдар қала және аудан кітапханаларына, сондай-ақ жастар ұйымдарына жолданады.

«Мемлекет басшысы ұлтымыздың көбірек кітап оқу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Бұл кітап – жай ғана ой-толғамдар жинағы емес, әрқайсымыз үшін маңызды бағдар. Оның өз оқырманын тауып, жастарға пайдалы болып, ортақ болашағымыз туралы ойлануға ықпал етуі маңызды», – деді Досұлан Айтбаев.

Жинаққа Мемлекет басшысының әр жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалары, түрлі жиындар мен кездесулерде айтқан сөздері, іс-шараларда жасаған баяндамалары, сондай-ақ өзі жазған «Свет и тень», «Преодоление», «Как это было... Хроника волнений в Пекине» (1989 жылғы сәуір–маусым) кітаптарындағы ойлары енгізілген.

Кездесуде ұрпақтар сабақтастығы және қазіргі жастар үшін маңызды құндылықтар тақырыбына да ерекше мән берілді. Талқылауға қатысушылар жылдам өзгерістер, цифрлық технологиялардың дамуы және жаңа сын-қатерлер кезеңінде өз елінің тарихы мен ата-баба мұрасын есте сақтаудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл кітапты оқи отырып, Президенттің қоғам алдына қойып отырған міндеттерін тереңірек түсінесің. Оның әр сөзінен еліміздің болашағы мен қауіпсіздігіне деген қамқорлықты сезінуге болады. Бұл ойларды өскелең ұрпаққа жеткізу біз үшін маңызды», – деді Жабал Ерғалиев.

Тұсаукесерге ақмолалықтардың әр буыны үлкен қызығушылық танытты. Аға буын үшін бұл елдің жүріп өткен жолын тағы бір еске алуға мүмкіндік болса, жастар үшін өздерінің ел болашағындағы рөлін тереңірек түсінуге жол ашады.

Алдағы уақытта өңірлік кітапханалар базасында кітапқа арналған тақырыптық кездесулер мен пікірталастар өткізу жоспарланып отыр.

Пікірлер