Қазақстанда 12 жылдық білім беру бағдарламасын 11 жылдық оқу мерзіміне бейімдеу мүмкіндігі зерттеліп жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Осы мақсатта оқу-ағарту министрлігінде арнайы комиссия құрылды.
Министр Сүлейменованың айтуынша, қазір ведомство білім беру бағдарламаларының мазмұны мен өзара сәйкестігін талдап жатыр. Атап айтқанда, 12 жылға есептелген оқу бағдарламасын 11 жыл ішінде толық меңгерту мүмкіндігі қарастырылуда.
«Қазір біз бүкіл бағдарламаны 11 жыл ішінде аяқтауға болатын-болмайтынын қарастырамыз. Назарбаев зияткерлік мектептері – толық күн оқитын мектептер. Балалар таңғы 8-де келіп, кешкі 5-те кетеді. Оларда аптасына сегіз жеке сағат бар», – деді министр.
Оның сөзінше, теориялық тұрғыдан 12 жылдық білім беру бағдарламасының мазмұнын ықшамдап, оны 11 сынып аясында жүзеге асыруға болады. Осы мәселені зерделеу үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова кейбір ата-аналар оқу мерзімінің ұзақтығына байланысты балаларын 10-сыныптан кейін Назарбаев зияткерлік мектептерінен алып кететінін айтты.
«Балаларын 10-сыныптан кейін НЗМ-нен алып кететін ата-аналар бар. Себебі олар балаларының тағы екі жыл, оның ішінде 11-сыныптан кейін қосымша бір жыл оқығанын қаламайды», – деді ол.
Министр бұл жағдайда оқушыларды жалпы білім беретін мектептерге ауыстыру кезінде қиындықтар туындайтынын атап өтті. Себебі жалпы білім беретін мектептерде негізгі орта білім 9-сыныптан кейін аяқталса, Назарбаев зияткерлік мектептерінде бұл кезең 10-сыныптан кейін аяқталады.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, әзірге 12 жылдық білім беру бағдарламасын 11 жылға ықшамдау туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Комиссия оқу бағдарламаларын зерделеп, қолданыстағы жүйенің тиімділігін бағалайды.
