«Мен оқыған 30 кітап» І республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Марапаттау рәсіміне аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов қатысып, кітапты серік еткен жас буынға ризашылығын білдірді.
Аудан басшысы өз сөзінде бұл байқаудың басты жетістігі жас ұрпақтың кітапқа деген ықыласын арттырып, оқырмандық мәдениетін қалыптастыруда жатқанын атап өтті. Сондай-ақ білім бәйгесіне қатысқан әрбір оқушы мен олардың жанынан табылып, бағыт-бағдар берген ұстаздар мен жетекшілерге алғысын жеткізді.
Рухани додаға қатысқан әрбір жас – өз алдына бір әлем. Бірі классикалық шығармалардың тереңіне бойласа, бірі заманауи әдебиеттің тынысын таныды. Бірі кейіпкер мінезін саралап, бірі шығарма идеясын өмірлік ұстанымымен сабақтастырды. Сөйтіп, отыз кітаптың әр парағы жас оқырманның дүниетанымына өзіндік із қалдырды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлделі І орынға Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Қараөзен мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Хайрулла Жансая Байболатқызы лайық деп танылды. Жеңімпаз І миллион теңге сертификатқа ие болды. ІІ орынды және 700 мың теңге сертификатты Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, О.Исаев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Бержанова Айкөркем Сырымбетқызы иеленді. Ал ІІІ орын және 500 мың теңгелік сертификат Казталов ауданының қос бірдей өкілі – Қараөзен мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Тлемисова Рамина Арманқызы мен Казталов мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Тыныбекова Нұрила Бекболатқызына бұйырды.
Бұдан бөлек, байқауда кітапқа құштарлығын, ізденісін және дара қабілетін танытқан оқушыларға арнайы номинациялар мен сыйлықтар табысталды. Қадыр Мырза Әли атындағы сыйлыққа Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы №20 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Лауадин Диана Исламқызы, Жұбан Молдағалиев атындағы сыйлыққа Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ұзынкөл орта мектебінің 10-сынып оқушысы Жунусова Аяжан Жасұланқызы, ал Хамза Есенжанов атындағы сыйлыққа Казталов ауданы, А.Хұсайынов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Амангелді Сезім Салауатқызы ие болды. Арнайы жүлде иегерлеріне жеке кәсіпкерлер Нұргүл Ашихова, Абзал Сралиев, Дархан Аябалиев қолдау көрсетті.
Сондай-ақ 100 мың теңгелік сыйлыққа ие болған оқушылар қатарында Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан Бердібек Ақылбек Әділбекұлы, Ақтау қаласынан Болат Айару Қанатқызы, Қарағанды облысы Шет ауданынан Мейіржан Кәусар Бахытжанқызы, Алматы облысы Қарасай ауданынан Лашынбай Алияна Дінмұхамедқызы, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданынан Орынбек Еркеназ Нұрдосқызы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан Бәкіржан Ақселеу Қалдыбайқызы, Ақтөбе қаласынан Аймұрат Ақнұр Еркебұланқызы, Атырау облысы Индер ауданынан Дюсембай Інжу Бейбітқызы, Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданынан Батрғали Айару Нұрболқызы, Казталов ауданынан Рахимова Айша Медетқызы және Шыңғырлау ауданынан Жаумбай Айзере Саламатқызы марапатталды. Оларға «Ізденімпаз оқырман», «Зерек оқырман», «Зейінді оқырман», «Парасатты оқырман», «Ынталы оқырман», «Зерделі оқырман», «Талапты оқырман», «Зияткер оқырман», «Білімпаз оқырман», «Талғампаз оқырман», «Өрелі оқырман» сынды атаулардың берілуі де байқаудың мән-мағынасын айшықтай түсті.
«Мен оқыған 30 кітап» – белгілі бір мерзімде өтетін байқаудан гөрі, жас ұрпақтың кітаппен тұрақты байланысын қалыптастыруға бағытталған тағылымды бастама. Казталов төрінде өткен марапаттау рәсімі осындай рухани сабақтастықтың жарқын көрінісіне айналды. Елдің әр қиырынан келген жас оқырмандар бір-бірімен тәжірибе алмасып қана қоймай, кітаптың адам өміріндегі орнын тағы бір мәрте сезінді.
Жеңіс – бүгінгі марапат. Ал кітаптан алған білім мен тағылым – өмір бойғы енші.
