Путин Украинадағы соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға мүмкіндік бар екенін айтты

248
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MaXFcibDnEiUCdcg6tBbvPMZENpRdHKU3GC8eg78.jpg

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатып, бейбітшілікке қол жеткізуге мүмкіндік бар деп санайды. Оның пікірінше, бұл мәселе ең алдымен соғысып жатқан тараптар – Ресей мен Украина арасында тікелей талқылануы керек. Ал басқа мемлекеттер бұл үдерісті қолдап, оған көмектесуі тиіс.

Ресей басшысы бұл туралы 3 қыркүйек, бейсенбі күні Шығыс экономикалық форумы (ШЭФ) аясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

«Ең алдымен Ресей мен Украина өзара келісуі керек. Ал қалған барлық елдер қолдауға және көмектесуге дайын. Бұл – дұрыс тәсіл. Дегенмен осы мәселені реттеуге өз үлесін қосуға тырысып жүргендердің барлығына алғыс айтамыз. Мүмкіндік бар ма? Менің ойымша, иә, мүмкіндік бар», – деді Путин.

Ол сондай-ақ Мәскеу мен Киев арасында арнайы қызметтер арқылы байланыс сақталып отырғанын айтты. Алайда бұл байланыстардың бейбітшілікке қол жеткізуге қаншалықты ықпал ете алатынын нақты айта алмады.

Сонымен қатар Путин Украинаның Қара теңіздегі көлік кемелеріне жасаған шабуылдары мен Киевтің Ресейдің әуе кеңістігін қауіпті деп жариялағанын атап өтті. Ресей президентінің айтуынша, мұндай факторлар «екіжақты бейбіт келіссөздер жүргізу мүмкіндігін қиындатады».

Сол күні кешірек Украина президенті Владимир Зеленский де Ресеймен келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігі туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, жақын арада АҚШ өкілдері Киев пен Мәскеуге барып, осы кездесулер барысында ықтимал бейбіт келісім мәселесі талқыланады.

«Алдын ала белгіленген күндер бар. АҚШ президентінің өкілдері Киевке келеді деп үміттенеміз. Олардан растау да алдық: Мәскеуде де, Киевте де кездесу болады», – деді Зеленский украиналықтарға жасаған күнделікті кешкі бейнеүндеуінде.

Ол Украина АҚШ командасымен тұрақты байланыста екенін қосты.

Бірнеше күн бұрын Зеленский АҚШ президентінің арнайы өкілдері Стивен Уиткоффпен және Джаред Кушнермен телефон арқылы сөйлескенін хабарлаған. Әңгіме барысында ол АҚШ өкілдеріне Ресейдің майдандағы жетістіктері «мардымсыз» екенін айтқан.

Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігі туралы пікірталас тамыз айының соңында ЦРУ директоры Джон Рэтклиффтің Мәскеуге жарияланбаған сапарынан кейін қайта жанданды.

Axios басылымының мәліметінше, Трамп әкімшілігінің өкілі Ресей тарапына АҚШ, Ресей және Украина президенттерінің үшжақты кездесуін өткізу идеясын ұсынған. Кездесудің мақсаты — соғысты дипломатиялық жолмен тоқтату мәселесін талқылау болған.

БАҚ-та бұл ақпарат тарағаннан кейін Дональд Трамп журналистермен сөйлескен кезде жақын арада үшжақты саммит өткізу идеясын жоққа шығарды.

Америка президентінің айтуынша, егер Трамп қаласа, Путин мұндай кездесуге келісер еді және Вашингтон саммитті «дереу» ұйымдастыра алады.

«Бірақ мен кездесуді бейбіт келісім жасауға дайын болған кезде өткізгім келеді», – деп атап өтті Ақ үй басшысы.

Трамп сондай-ақ «Путин мен Зеленский осы ақымақ соғысты тоқтатуы керек» деді. Ол жалғасып жатқан соғыс үшін жауапкершілікті қайтадан Мәскеу мен Киевке қатар жүктеді.

Трамптың пікірінше, Украинадағы бейбітшілікке жетудегі басты мәселелердің бірі – Зеленский мен Путин арасындағы жеке араздық. Оның айтуынша, осы жағдай салдарынан қақтығыс өзі президенттік науқан кезінде «бір тәулікте аяқтаймын» деп уәде бергеннен әлдеқайда күрделі болып шықты.

Президенттің айтуынша, ол билікте болған екі жылға жетпейтін уақыт ішінде тоқтатуға үлгерген сегіз соғыстың өзінен Украинадағы қақтығысты реттеу күрделірек болып отыр.

Пікірлер