Қырғызстан Ресей мұнайын Қазақстан арқылы ала бастады

290
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7WvNuuiQVmqqS5Iip7WjLr9TKwOMbD35nqdr4g9e.jpg

Фото: Kaztransoil.kz

Қазақстандық «ҚазТрансОйл» (ҚТО) көлік компаниясы 2026 жылғы тамызда Қырғызстанға алғаш рет 35 мың тонна мұнайды транзит арқылы жеткізді. Бұл туралы компанияның хабарламасында айтылған, деп хабарлайды “Адырна”.

ҚТО мәліметінше, мұнай магистральдық мұнай құбырларының жүйесі арқылы Шағыр мұнай құю пунктіне дейін жеткізіліп, сол жерде теміржол цистерналарына тиеледі.

«Қырғызстанға транзитті іске қосу Қазақстан аумағы арқылы мұнай тасымалдаудың жаңа бағытын ашып, “ҚазТрансОйл” көрсететін транзиттік қызметтердің тізімін кеңейтеді», — делінген компанияның баспасөз хабарламасында.

Салалық «ИнфоТЭК» басылымының бағалауынша, әңгіме Ресей мұнайы туралы болуы мүмкін. Бұған дейін «ҚазТрансОйл» Ресей мұнайын Ресей шекарасы — Шағыр — Қырғызстан бағыты бойынша транзиттеуге арналған тарифтік модель енгізген болатын. Алайда бұл тариф 2023 жылы жойылған.

Сонымен қатар мұнайдың шығу тегі мен жүк иесі 35 мың тонналық партия туралы ресми хабарламада көрсетілмеген. Бірқатар қазақстандық БАҚ та бұл мұнайдың Ресейден шыққанын жазып жатыр.

Қырғызстанда жеті шағын мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді. Алайда шикізат тапшылығына байланысты олар толық қуатында жұмыс істей алмай отыр.

Солардың ішіндегі ірі кәсіпорындардың бірі – Қытайдың Shanxi Coal Chemical Industry Group компаниясына тиесілі «Джунда» мұнай өңдеу зауыты. Оның жылына 800 мың тонна мұнай өңдеу қуаты бар.

Тағы бір ірі кәсіпорын — «Қырғыз Петролеум Компани». «Қырғызнефтегазға» тиесілі бұл зауытта жылына 500 мың тонна шикізат өңдеу жоспарланған.

Қырғызстанда мұнай өнімдерін жылдық тұтыну көлемі шамамен 2 млн тоннаны құрайды. Ал елдің ішкі өндірісі ішкі сұраныстың тек шағын бөлігін ғана қамтамасыз етеді.

Осы уақытқа дейін Қырғызстанға мұнай өнімдерін негізінен Ресей жеткізіп келді. Ресей елдің ішкі нарығындағы қажеттіліктің 90–95%-ын қамтамасыз етіп отырған.

Алайда Ресейдің өзінде жанармай тапшылығы туындауына байланысты Бішкек балама жеткізу көздерін іздеуге мәжбүр болды. Олардың қатарында Беларусь пен Қытай да бар.

Пікірлер