Құрылтайдың бірінші сессиясы басталды

236
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AY8pxDEvYCOoBX36B2QKljtcxK3Ga4jlhI45ydRD.jpg

Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының алғашқы сессиясы басталды. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Президент жаңа Құрылтайдың жұмысын тарихи кезең деп атады.

Тоқаевтың айтуынша, бүгін Қазақстан халқы жалпыұлттық референдумда қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде жұмысын бастайды.

Президент бұл күнді мемлекеттің даму жолындағы маңызды кезең әрі тарихи сәт деп бағалады.

"Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Құрылтай атауының қазақ тарихында айрықша мәні болғанын атап өтті. Оның сөзінше, тарихи кезеңдерде Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған.

Тоқаев жаңа институттың мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

"Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі", – деді президент.

Мемлекет басшысы бұл тарихи миссия Құрылтай депутаттарына жүктеліп отырғанын атап өтіп, бірінші шақырылым депутаты болу үлкен абырой екенін жеткізді.

"Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылтайдың алғашқы сессиясы жаңа бір палаталы парламенттің жұмысына бастау беретін маңызды саяси оқиға саналады.

Пікірлер