Ақмолалық аграршылар дәнді дақылдарды жаппай жинауға кірісті

183
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Z79NUXujsl01CxfZHGUvL0JTVQydL66rZcOmXeLP.jpg

Ақмола облысының Зеренді ауданында орақ науқаны қарқын алып келеді. «Намыс» шаруа қожалығында дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына шамамен 28 центнерді құрап, клейковина мөлшері 28%-ға жетуде. Дала жұмыстарының барысын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бағалады.

Облыс әкімі егін жинау барысымен танысып, механизаторлармен тілдесті. Ол астықтың сапалық көрсеткіштері жоғары екенін атап өтіп, егіннің көлеміне қатысты түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты. Өйткені орақ науқаны негізгі алқаптарға енді ғана жетіп отыр.

«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша мыңнан астам шаруашылық жеңілдетілген несие алды. Сондай-ақ арзандатылған жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыштар бөлінді. Осының арқасында, заманауи технологияларды, ғылыми тәсілдерді қолдану және аграршылардың еңбегінің нәтижесінде ауа райы әрдайым қолайлы бола бермегеніне қарамастан, жақсы өнім алып отырмыз», – деді Марат Ахметжанов.

Қазір механизаторлар үшін басты міндет – егінді оңтайлы мерзімде жинап, өнімнің ысырап болуына жол бермеу. Манарбек Байманов осы салада 20 жыл еңбек етіп келеді, оның соңғы алты маусымы «Намыс» шаруашылығында өтіп жатыр. Оның айтуынша, биылғы өнім тек жоғары өнімділігімен ғана емес, астық сапасының жоғарылығымен де ерекшеленеді.

«Өткен жылмен салыстырғанда кейбір аудандарда өнімділік көрсеткіші тіпті жоғары. Биылғы өнімнің сапасы да жақсы. Ауа райы қолайлы болса, орақ жұмыстарын қыркүйек айында толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді механизатор.

Бүгінде орақ науқаны облыстың барлық аумағында қарқын алып келеді. Жаппай егін жинау жұмыстары тамыз айының ортасында басталды. Қазіргі уақытта 4,5 млн гектар астық алқабының шамамен 1,6 млн гектары, яғни үштен бірінен астамы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 12,3 центнерді құрап, 2 млн тоннадан астам астық бастырылды. Егін жинау қарқыны бойынша Зеренді, Бурабай, Сандықтау және Бұланды аудандары көш бастап тұр.

Орақ науқанының қарқынын сақтау үшін облыстың шаруашылықтары қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген. Дала жұмыстарына 14 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы, оның ішінде шамамен 7 мың астық жинайтын комбайн жұмылдырылды. Олардың 70%-ға жуығы – заманауи жоғары өнімді техника.

Күзгі дала жұмыстары кезеңінде аграршыларға 81 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шаруашылықтар шамамен 350 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды, оның басым бөлігі алқаптарға енгізілді.

Орақ науқанының алғашқы нәтижелері астық қабылдау кәсіпорындарына түсуде. Элеваторларға 500 мың тоннадан астам астық жөнелтілді. Оның ішінде сапалық көрсеткіштері жоғары Hi-Pro бидайының көлемі шамамен 250 мың тоннаны құрайды.

Өткен жылы Ақмола облысы рекордтық 7,6 млн тонна астық жинаған болатын. Биылғы маусымда аграршылар әзірге нақты болжам жасауға асықпайды, өйткені алқаптардың үштен бірі ғана жиналды. Қазіргі басты міндет – қалыптасқан қарқынды сақтап, жұмыс істеуге қолайлы әр күнді тиімді пайдалана отырып, өнімді барынша аз шығынмен жинау.

Пікірлер