"Бұл қақтығыстың мәнін түсіну әлдеқайда қиын". Ресей министрі Омбыдағы ұсынысқа жауап берді

160
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/g30JvOVG7RqAqu3cwCbr8UlNXO7A5EzhryZTFFfT.jpg

Ресей Украинадағы соғысты қазіргі майдан шебі бойынша тоқтатуға ниетті емес. Бұл туралы Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 14 тамызда «ВГТРК» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Оның сөзінше, Мәскеу қақтығысты уақытша тоқтатудан гөрі ұзақ мерзімді және тұрақты реттеуді қолдайды.

Лавровтың айтуынша, соңғы уақытта соғысты дереу тоқтатуға шақыратын пікірлер көбейген. Олардың қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы да бар. Тоқаев шілде айының соңында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде Украинадағы қақтығысты уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыруды ұсынған еді.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бейбітшілік пен диалогты қолдайтынын айтқан еді.

«Қазақстан бөтен ел емес. Дегенмен түрлі ұсыныстарға қарамастан, мен араағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы мемлекет, ал орыс халқы – ұлы халық. Сондықтан күн тәртібіндегі мәселелерді Ресейдің өзі сыртқы араағайынсыз-ақ шеше алады деп есептеймін», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Ресей мен Украина арасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатудың маңыздылығына тоқталып, қақтығыстың жағдайы туралы айтқан.

"Бұл жерде қандай да бір азаматтық соғыс туралы сөз болып отырған жоқ. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қарадық. Сондықтан бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, соның ішінде бізге де толық түсінікті емес деп есептейміз. Мысалы, Әзербайжан мен Армения арасындағы, оның ішінде ұзақ уақытқа созылған қақтығыстың мәні мен шығу төркіні бізге анық еді. Өйткені оның тарихи себептері тереңде жатыр. Ал бұл жағдайдың мәнін түсіну әлдеқайда қиын", - деген еді Президент. 

Алайда Ресей сыртқы істер министрі қазіргі байланыс шебінде атысты тоқтатуды қабылдамайтынын айтты. Лавровтың пікірінше, соғысты тоқтату тек «ұзақ мерзімді, сенімді әрі тұрақты реттеу» болған жағдайда мүмкін.

Сонымен қатар Лавров Ресейдің соғыс жүргізу тәсілдерін қатаңдатуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол Батыстың Киевке әскери қолдау көрсетуін тоқтатуға бағытталған әрекеттердің күшейетінін айтты.

Ресей тарапы Қара теңіздегі әскери әрекеттерге мораторий енгізу жөніндегі Түркия бастамасына да оң жауап берген жоқ.

Ресей СІМ өкілі Мария Захарованың мәлімдеуінше, Мәскеу 2022–2023 жылдары жұмыс істеген «Қара теңіз бастамасына» қайта оралуды орынсыз деп санайды. Оның айтуынша, Ресей Түркиядан бұл мәселе бойынша ресми түрде рәсімделген ұсыныс алмаған.

Түркия бұған дейін Ресей мен Украинаға Қара теңіздегі азаматтық кемелерге шабуыл жасамау жөнінде мораторий енгізуді ұсынған болатын. Анкара мұндай қадам аймақтағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Киев бұған дейін қауіпсіздік кепілдіктері болған жағдайда соғысты қазіргі майдан шебі бойынша тоқтатуға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ал Мәскеу қақтығысты уақытша тоқтатуға емес, өзінің талаптарын қамтитын ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізуді көздейтінін айтып келеді.

Осылайша, 14 тамыздағы мәлімдемелер тараптардың соғысты тоқтату шарттарына қатысты ұстанымдары әлі де айтарлықтай алшақ екенін көрсетті.

Бұған қоса, Ресей Қорғаныс министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасында «Қыста сендерді “мұздай қатырамыз» деген жазуы бар дрондардың суреті жарияланды. Украина тарапы бұл жарияланымға жауап ретінде Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына қатысты мәлімдеме жасады.

Пікірлер