Қазақстан министрлігі «Теңізшевройлды» қалдықтарды сақтау талаптарын бұзды деп айыптады

120
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QD2XkxISFFL73wEWogSwm3xOKtP71nnOZ8Jq8Nk6.webp

Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрлігі «Теңізшевройл» компаниясын өндірістік қалдықтарды сақтау талаптарын бұзды деп айыптады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, шілде айында Атырау облысы бойынша экология департаменті Теңіз кен орнында жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде кәсіпорында экологиялық рұқсатта белгіленген лимиттерсіз қалдықтардың жиналуына жол берілгені анықталған. Алайда «Теңізшевройл» тексеру қорытындысымен келіспейтінін мәлімдеп, сотқа дейінгі шағымдану рәсімін бастаған. Осыған байланысты компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі шағым қаралғанға дейін уақытша тоқтатылды.

Компания өкілдері өз қызметін уәкілетті мемлекеттік органдар берген рұқсаттар мен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Бұл – «Теңізшевройлға» қатысты алғашқы экологиялық дау емес. Биыл сәуір айында компания атмосфераға ластаушы заттарды белгіленген нормадан артық шығарғаны үшін 53,7 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық мұнай консорциумдарына қойылатын экологиялық талаптарды күшейтіп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына күкіртті нормадан тыс сақтағаны үшін көп миллиард долларлық талап қойылған. Қазіргі уақытта бұл іс сотта қаралып жатыр.

Пікірлер