Құлағын кескен. ШҚО-да ер адам экс-әйеліне пышақпен шабуыл жасаған

172
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0udUoxd76DG6GGgOHHwspqG9vkNDrEeOBPDM8nRA.webp

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында ер адам бұрынғы жұбайына пышақпен шабуыл жасап, ауыр жарақат салды. Салдарынан алты баланың анасы құлағының бір бөлігінен айырылып, ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Криминальный Казахстан Telegram арнасы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Жәбірленушінің айтуынша, оқиға оның жұмыс орнындағы үзіліс кезінде болған. Бұрынғы күйеуі күтпеген жерден пышақпен шабуыл жасап, денесіне ауыр жарақат келтірген.

Әйелдің сөзінше, экс-күйеуі бұған дейін де өзін бірнеше рет қорқытып, қысым көрсеткен. Осыған байланысты ол полицияға бірнеше мәрте арызданғанын айтады. Сондай-ақ шабуылға дейін әлеуметтік желілерде бейнеүндеу жариялап, өзінің және кәмелетке толмаған алты баласының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, құзырлы органдардан көмек сұраған.

Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияның дер кезінде әрекет етпеуі қайғылы жағдайға әкеле жаздағанын мәлімдеді.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, 25 шілде күні Самар ауылында әйелдің пышақ жарақатын алғаны туралы хабарлама түскен. Күдіктіні ұстау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, сол күні 51 жастағы бұрынғы күйеуі қолға түскен.

Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар оған жәбірленушімен қандай да бір байланыс жасауға тыйым салатын қорғау нұсқамасы шығарылды.

Полицияның хабарлауынша, бұған дейін әйелдің арыздары бойынша күдікті бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ ол ата-ана құқығынан айырылған.

Ведомство қазіргі уақытта іс бойынша барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын, ал тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Пікірлер