Қостанайдың 90 жылдығы: өңірдің өткені мен келешегі Qostanai Invest Forum 2026 алаңында тоғысты

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XZB3oH2BJ3t4jcaVrrhz2GBvGKARDaMyRtrNbXJE.jpg

Қостанай облысының 90 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейдегі маңызды оқиғамен жалғасты. Облыс орталығында өткен Qostanai Invest Forum 2026өңірдің бай тарихын ғана емес, оның ертеңгі даму бағытын айқындайтын инвестициялық жобалар мен жаңа бастамаларды бір алаңға тоғыстырды.

Индустриялық аймақтағы «Технопарк KZ» автокомпоненттер зауытының аумағында өткен форумға мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық қаржы институттарының өкілдері, ірі инвесторлар, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысты. Басқосудың негізгі өзегі – Қостанайдың өндірістік әлеуетін таныстыру, жаңа инвестициялық жобаларды ұсыну және өңірдің ұзақ мерзімді даму перспективаларын талқылау болды.

Форумның пленарлық отырысын ашқан Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

Президент өз құттықтауында Қостанайды елдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қасиетті өңір деп атап, оның тарихы мен бүгінгі жетістігіне жоғары баға берді.

«Қостанай – ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке. Осы уақыт аралығында өңір өсіп-өркендеп, астықты аймаққа айналды… Осы орайда облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Тобыл – Торғай өлкесі өркендей берсін!» – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Құмар Ақсақалов өз баяндамасында Қостанай облысының тоқсан жылдық тарихы тек әкімшілік құрылу кезеңінен басталмайтынын, оның тамыры Ұлы дала өркениетіне жалғасатынын атап өтті. Әкім өңірдің тың игеру дәуірінен бастап индустрияландыру кезеңіне дейінгі даму жолына тоқталып, бүгінде Қостанай Қазақстандағы машина жасау, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салалары қарқынды дамып келе жатқан жетекші өңірлердің біріне айналғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа инвестициялар, жоғары технологиялық өндірістер, терең өңдеу жобалары мен адами капиталды дамыту алдағы экономикалық өсімнің негізгі тірегі болмақ.

Форумның іскерлік бағдарламасы өңір экономикасының басым бағыттарын қамтыды. Allur компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевмашина жасау саласының бүгінгі даму қарқыны мен болашақтағы мүмкіндіктеріне тоқталса, Freedom Holding Group компаниясының негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Тимур Турлов Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен Қостанай өңірінің жаңа экономикалық өсім нүктелері жөнінде пікір білдірді.

Ал ERG компаниясының бас директоры Құдірет Шәмиевфорумдағы басты инвестициялық жобалардың бірі – Рудный қаласында салынатын жаңа окатыш өндіру фабрикасын таныстырды. Құны 305,4 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба іске қосылғаннан кейін жылына 5 миллион тонна өнім өндіріліп, жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар жаңа технологиялардың арқасында өндірістің экологиялық тиімділігі артып, өнімнің экспорттық әлеуеті кеңеймек.

Форумда сондай-ақ «НИПИ “Астанагенплан”» ЖШС-нің бас директоры Руслан Жақыпов Қостанай қаласының жаңартылған бас жоспарын таныстырса, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов өңірдің Солтүстік Қазақстандағы инвестиция мен бизнестің жаңа орталығына айналу мүмкіндіктеріне тоқталды.

Іскерлік бағдарламамен қатар форум қонақтары Қостанай кәсіпорындарында шығарылған автокөліктердің, ауыл шаруашылығы және арнайы техникалардың көрмесін аралап, өңірдің аграрлық тарихына арналған музейлік экспозициямен танысты.

Qostanai Invest Forum 2026 өңірдің өндірістік әлеуетін таныстыратын алаң ғана емес, Қостанайдың алдағы ондаған жылдарға арналған даму бағытын айқындайтын маңызды диалог алаңына айналды. Форумда ұсынылған бастамалар мен инвестициялық жобалар облыстың экономикалық мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жаңа өндірістердің ашылуына, экспорт көлемінің артуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болатыны айтылды.

 

Пікірлер