Қазақстандықтардың қоғамдық кеңестерге жолдаған өтініштерінің 60%-дан астамы оң шешімін тапты

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/B9dABeqnrV517ELcoWiqyACFRIWYNEEsr8fezvQu.jpg

Қоғамдық кеңестер институты мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып келеді. Бүгінде елімізде 264 қоғамдық кеңес бар. Оның 36-сы – республикалық, 228-і – жергілікті деңгейде жұмыс істейді. Кеңес мүшелерінің 74%-ын азаматтық қоғам өкілдері құрайды.

Қоғамдық кеңестер азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатысуына және қоғамдық бақылауды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қатысты 3 400-ден астам нормативтік құқықтық актінің жобасын қарады.

Осы кезеңде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және өзге де өзекті мәселелер бойынша 495-тен астам қоғамдық тыңдау өткізілді.

Қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы есеп беруін қамтамасыз ету. Жыл басынан бері республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор ұйымдары басшыларының 990 есебі тыңдалды. Талқылау қорытындысында мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіру және мемлекеттік органдардың ашықтығын күшейту жөнінде ұсынымдар әзірленді.

Қоғамдық кеңестер азаматтардың өтініштерін қарауға да айрықша мән береді. Биылғы алғашқы жартыжылдықта әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, жер қатынастары және басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерге қатысты 900-ден астам өтініш қаралды. Олардың 60%-дан астамы оң шешімін тапты.

Қоғамдық кеңестердің қызметі kazkenes.kz бірыңғай ақпараттық порталы арқылы жүргізіледі. Порталда қоғамдық кеңестердің құрамы, отырыстардың күн тәртібі мен хаттамалары, бейнетрансляциялар және қоғамдық бастамалар жарияланып тұрады. Портал іске қосылғалы бері оған 1,8 миллионға жуық пайдаланушы кірген.

Республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестердің жұмысын үйлестіру мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Үйлестіру орталығы құрылған. Орталық қоғамдық кеңестерге әдістемелік қолдау көрсетіп, озық тәжірибелерді бөлісуге және қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың ортақ тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Пікірлер