Қазақстандық жер серігінің 20 жылы. Жаңа KazSat-3R спутнигіне 10,4 млрд теңге бөлінді

273
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Pe1rdknWOoWEOmM5ddO0y7MCqnHfCDdN5tmhPH10.webp

Үкімет жаңа KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құруға 10,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Халықаралық валютаға шаққанда шамамен 22,31 млн долларлық қаражат қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастыратын жаңа KazSat-3R спутниктік байланыс жүйесін  жасауға жұмсалмақ.

KAZSAT-3R, МҮМКІНДІГІҢ ҚАНДАЙ?

KazSat-3-тің жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа аппарат ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

«Жобаны жүзеге асыру спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды»,– делінген хабарламада.

Қазіргі таңда KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін еліміздің ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Жүйе арқылы телерадио хабарларын тарату, деректерді жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметтері көрсетіледі. Жүйеге 19 байланыс операторы қосылған және телехабар тарату қызметін 2 миллионнан астам абонент пайдаланады.

65 МЛН ДОЛЛАРЛЫҚ ӘУЕЛГІ KAZSAT ҚАНДАЙ ЕДІ?

Қазақстанның алғашқы байланыс жерсерігі KazSat-1 үлкен үмітпен ұшырылған еді. Оның қызмет ету мерзімі 10–12 жыл болады деп болжанғанымен, аппарат екі жылға да жетпеді. Жобаға шамамен 65 миллион доллар жұмсалды.

Қазақстан 2004 жылдың көктемінде жеңіл геостационарлық KazSat-1 жерсерігін жасауды Ресейдің Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығына тапсырды.

Алғашқыда KazSat-1-ді 2005 жылдың желтоқсанында ұшыру жоспарланған. Алайда «Яхта» платформасында жасалған «Монитор-Э» жерсерігін басқаруда қиындықтар туындап, қосымша тексерулер жүргізу туралы шешім қабылданған еді.

Аппарат Байқоңыр ғарыш айлағына 2006 жылғы 28 сәуірде жеткізіліп, 18 маусымда ғана ғарышқа ұшырылды. Жерсеріктің коммерциялық пайдаланылуы 2006 жылдың қарашасында басталды. Оған телерадио хабар тарату және интернет желілері көшірілді. 2007 жылдың соңына қарай KazSat жоспарланған қуатының 70 пайызына дейін жүктелді.

АПАТ ПА, АЖАЛ МА?

Алайда 2008 жылғы 10 қаңтарда алғашқы ақау тіркелді. Жерсерік бірнеше сағатқа бақылаудан жоғалды. Алты айдан кейін тағы бір төтенше жағдай болды. Сол кездегі Ұлттық ғарыш агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев аппараттың істен шығуына техникалық ақау себеп болғанын жеткізді.

2008 жылғы 30 қазанда Хруничев орталығының мамандары жерсерікпен байланысты қалпына келтірді. Бірақ 26 қарашада аппарат қайтадан жоғалып, бұл жолы біржола істен шықты. Ол басқару сигналдарына жауап бермей, бағдарсыз ұшуға көшті. Мамандардың айтуынша, басқару қозғалтқыштары кешенінің істен шығуы жүйені қалпына келтіруге мүмкіндік бермеген.

Қазақстан жоғалған жерсерік үшін өтемақыны тек 2011 жылдың тамызында алды. Елге 40 миллион доллардан астам қаражат төленгенімен, бұл барлық шығынды жаппады.

115 МЛН ДОЛЛАРЛЫҚ ЕКІНШІ KAZSAT ТА КЕШІГІП ҰШТЫ

Екінші жерсерікті әзірлеу жұмыстары алғашқы аппарат толық жоғалмай тұрып басталған еді. 2006 жылы Хруничев орталығымен KazSat-2-ні жасау және ұшыру туралы келісімшарт жасалды. 2009 жылы Талғат Мұсабаев жобада бұрынғы қателіктер ескерілгенін хабарлады. Атап айтқанда, жерсеріктің басқару жүйесіндегі ресейлік құрылғылар француздың EADS Astriumкомпаниясының жабдықтарына ауыстырылған. Сондай-ақ кепілдік мерзімі ұзартылған. Жобаның құны 115 миллион долларды құрады.

Дегенмен, бұл жерсерік те белгіленген мерзімде ұшырыла алмады. Мамандар тек дәнекерлеу жұмыстарынан ғана емес, жерсеріктің жұмыс алгоритмінен де елеулі қателер тапқан. Ұшыру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Осы үшін Хруничев орталығы Қазақстанға айыппұл төледі. Оның нақты көлемі жарияланған жоқ. Ақыры KazSat-2 2011 жылдың шілдесінде ғарышқа ұшырылды.

Бұл аппарат телехабар таратуға, телефон байланысына, деректер алмасуға және кеңжолақты интернет қызметтеріне арналған.

"ЕР КЕЗЕГІ ҮШКЕ ДЕЙІН"

Кейіннен бұл жерсерікпен де қиындықтар туындады. Бір күні таңғы сағат 08:22-де аппаратпен байланыс үзілді. Республикалық ғарыштық байланыс орталығының мәліметінше, мамандар Хруничев орталығының өкілдерімен бірге байланыс пен операторлар желісінің жұмысын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Сол кезде KazSat-2 ресурстарын Қазақстандағы 13 байланыс және телехабар тарату операторы пайдаланған. Байланыс шамамен сегіз сағаттан кейін қайта орнатылды.

Үшінші ұлттық жерсерікті әзірлеу 2010 жылы басталды. Сол жылы Талғат Мұсабаев бұдан былай қазақстандық ғарыш аппараттарын әзірлеушілер тек тендер арқылы таңдалатынын мәлімдеді.

KazSat-3 жобасын академик М.Ф. Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» компаниясы жеңіп алды. Жерсерік «Экспресс-1000НТА» платформасы негізінде жасалды. Оның басты ерекшелігі – жетілдірілген жылу реттеу жүйесі. Аппарат Ku диапазонындағы 28 транспондермен жабдықталған.

Мамандардың есептеуінше, KazSat-3 Қазақстанға 15 жылдан астам уақыт қызмет етуі тиіс.

KazSat-3 пен «Луч-5В» ғарыш аппаратын алып шыққан «Протон-М» зымыран-тасығышы 2014 жылғы 28 сәуірде ұшырылды. 2016 жылғы 1 наурызда сынақ жұмыстары аяқталып, ұлттық спутниктік теледидар қызметі – Otau TV абоненттері осы жерсерікке көшірілді.

KazSat-3 пайдалануға берілгеннен бері оның жұмысында елеулі ақаулар тіркелген жоқ.

Пікірлер