Алматы Ұлы Жібек жолы бағытымен келе жатқан халықаралық экспедиция қатысушыларын қарсы алды

58
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9t5kaJQB6b3ShM0xZQofRpJ1HXxINGil0leWNskt.jpg

The Marco Polo Project халықаралық электромобильдер экспедициясы тарихи Ұлы Жібек жолы бойымен сапар шегуде. Ұзындығы шамамен 15 мың шақырым болатын жоба Рим мен Гонконгты байланыстырып, 12 мемлекеттің аумағын қамтиды. Экспедиция 2026 жылы 13 маусымда басталып, 26 шілдеге дейін жалғасады.

Делегация құрамыа 38 қатысушыдан (жүргізушілерді қосқанда 59 адам) тұрады. Олардың қатарында ғалымдар, инвесторлар және тұрақты даму саласының мамандары бар. Олар BYD маркалы 13 электромобильмен сапарға шыққан.

Жобаны M31 Capital компаниясының негізін қалаушы Патрик Чжун және Колумбия университетінің Тұрақты даму орталығының өкілдері Джеффри және Соня Эрлих Сакс ұйымдастырған.

Патрик Чжунның айтуынша, экспедицияның басты мақсаты – өзара құрметке негізделген әлемдік байланысты нығайту.

– Бүгінде әлем тым бөлшектеніп кетті. Біз бір нүктеден екіншісіне ұшақпен тез жетеміз де, арадағы кеңістікті, ондағы адамдар мен мәдениетті байқамаймыз. Біздің мақсатымыз – әлемді жақындастыру. Егер жеткізгіміз келетін басты ой болса, ол бейбітшілікке үндеу, – деді Патрик Чжун.

Қазақстандағы бағыт Ақтау, Маңғыстау, Бейнеу, Шымкент және Тараз арқылы өтті. Ал делегацияның еліміздегі сапарының соңғы нүктесі 13-14 шілде күндері Алматы қаласы болды.

Патрик Чжун үшін бұл сапар өңірдің тарихи мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген.

– Алматы – Ұлы Жібек жолындағы ең маңызды қалалардың бірі. Мен үшін бұл жерге келу – осы тарихи мекенді өз көзіммен көру мүмкіндігі. Біз жай ғана саяхаттап жүрген жоқпыз, адамдардың оқиғасын жинап, осы өңірдің маңызын жаңаша танып-білгіміз келеді, – деді ол.

Экспедицияда Патрик Чжунның ұлы Джимми де бар. Жас саяхатшы Алматының асқақ табиғаты ерекше әсер қалдырғанын айтты. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарымен танысқан ол жылқы етінен жасалған тағамдарға сақтықпен қарағанымен, жергілікті асхананың өзге дәмдерін жоғары бағалағанын жеткізді.

Патрик Чжун экологиялық мәселеге де ерекше тоқталды.

– Мұндағы табиғаттың сұлулығын сөзбен жеткізу қиын. Бірақ ол өте нәзік. Біз климатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін бүкіл әлемге көрсеткіміз келеді. Егер бүгін табиғатты қорғамасақ, ертең бұл үдерісті тоқтату мүмкін болмай қалуы мүмкін, – деді ол.

Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, мегаполисте делегация үшін қаланың табиғи-рекреациялық әлеуеті мен креативті экономикасын таныстыруға бағытталған арнайы бағдарлама ұйымдастырылған.

– Экспедиция қатысушылары Қазақстан өңірлерінің табиғаты мен мәдени дәстүрлерімен танысты. Алматыға келгенде олар «Шымбұлақ» тау курортын аралап, Алматы облысындағы бүркітшілік өнерімен танысты. Сонымен қатар «Горельник» визит орталығында және жаңа Almaty Museum of Arts музейінде болды.

Қазақстандағы кезең аяқталғаннан кейін экспедиция Қытайға бет алады. Алда олар жолдың соңғы үштен бір бөлігін жүріп өтіп, Үрімжі, Сиань, Шанхай және Шэньчжэнь арқылы соңғы межесі – Гонконгқа жетеді.

Экспедиция барысында түсірілген деректі фильм, влогтар мен подкасттар әлемнің жетекші медиаплатформаларында жарияланады. Бұл Алматыны тарихи мұрасы мен тұрақты даму қағидаттарын ұштастырған Еуразиядағы маңызды тораптардың бірі ретінде халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

Пікірлер