Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Нұрлан Сабуровтың салық міндеттемелерін орындауына қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.
Ведомство мәліметінше, Нұрлан Сабуров 2023 жылғы 21 наурызда Қазақстанда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Оның қызмет түрі – концерттік қызмет.
МКК дерегіне сәйкес, әзілкеш жеке кәсіпкер ретінде салық міндеттемелерін 2024 жылдан бері орындап келеді. Қазір оның Қазақстандағы салық бойынша берешегі жоқ.
Комитеттің хабарлауынша, Нұрлан Сабуровқа қатысты салықтық әкімшілендірудің жалпы тәртібі қолданылады. Егер камералдық бақылау барысында сәйкессіздіктер анықталса, Салық кодексіне сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Сондай-ақ МКК ұзақ уақыт елден тыс жүрген кәсіпкерлерге қатысты түсініктеме берді. Егер жеке кәсіпкерлік қызметі ресми түрде тоқтатылмаған болса, қайта тіркелудің қажеті жоқ, тек қажет болған жағдайда тіркеу деректерін жаңарту жеткілікті. Ал қызметі тоқтатылған жағдайда кәсіпкерлікті қайта тіркеу талап етіледі.
Бұған қоса, комитет табыс пен мүлік туралы декларация тапсыру тәртібін де еске салды. Салық кодексінде көзделген талаптарға сәйкес азаматтар белгіленген мерзімде тиісті декларацияны ұсынуға міндетті.
Еске салайық, биыл ақпанда Ресей билігі Нұрлан Сабуровтың елге кіруіне 50 жылға тыйым салған.
