Мемлекеттік туды киімде қолдануға тыйым салынды

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PEIbbe1deVERHCKALV8rxuKAgDiPOT4o4SMV50iM.jpg

Қазақстан Үкіметі Мемлекеттік туды пайдалану шарттарын бекітті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Құжатта азаматтардың мемлекеттік рәмізді орналастыру тәртібі мен оны пайдалануға қойылатын талаптар айқындалған.

Қаулыға сәйкес, Мемлекеттік туды жеке тұрғын үйлерге биіктігі кемінде 3 метр болатын жерге орнатуға болады. Бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында туды міндетті түрде жарықтандыру талабы қарастырылмаған.

Ережеге сәйкес, Мемлекеттік Ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тиіп тұрмауы тиіс. Ал тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет. Сонымен қатар, заңнама талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалардың автокөлік салондарында пайдалануға рұқсат беріледі.

Құжатта мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шаралар барысында Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынатыны көрсетілген. Сондай-ақ мемлекеттік рәміз әрдайым таза, бүтін, кірлемеген, жыртылмаған және ешқандай ақаусыз болуы тиіс.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік туды қорлауға немесе оның қадір-қасиетін төмендетуге бағытталған кез келген әрекетке жол берілмейді. Атап айтқанда, оны қасақана бүлдіруге, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, жоюға немесе мақсатына сай емес түрде пайдалануға тыйым салынады.

Сондай-ақ Мемлекеттік туды жарнамада, киім-кешекке, төсек-орын жабдықтарына, перделерге, дастархандарға, кілемшелерге және басқа да тұрмыстық жабындарға қолдануға рұқсат етілмейді.

Пікірлер