Румыния парламенті Молдованы өзіне қосу туралы заң жобасын мақұлдады

90
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iM2TVrpswPTXBQIO6ua18pdBVCgyVdiYL3aeRy2Q.jpg

Румыния парламентінің төменгі палатасы Молдова Республикасымен бірігуге қатысты заң жобасын мақұлдады. Бастаманы «SOS Romania» партиясы ұсынған, деп хабарлайды "Адырна". 

Жергілікті БАҚ мәліметінше, құжат «үнсіз қабылдау» рәсімі арқылы өткен. Яғни, заң жобасы 45 күн ішінде пленарлық отырыста қаралмай әрі кері қайтарылмаса, автоматты түрде мақұлданған болып есептеледі.

Заң жобасында Румыния парламентіне Молдовамен бірігу туралы шешім қабылдау және үкіметке Кишинев билігімен осы мәселе бойынша шұғыл келіссөздер жүргізуді бастау тапсырмасы қарастырылған.

Алайда бастама заң күшіне енуі үшін оны енді Румыния Сенаты да мақұлдауы қажет.

Бұған дейін Молдова президенті Майя Санду Румыниямен бірігу мәселесіне қатысты өз ұстанымын ашық білдірген болатын. Ол биыл қаңтарда британдық The Rest is Politics подкастына берген сұхбатында, егер бұл мәселе бойынша референдум өткізілсе, Румыниямен бірігуді қолдап дауыс беретінін айтқан.

Сандудың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда Молдова сияқты шағын мемлекетке тәуелсіздігін сақтай отырып, Ресейдің ықпалына қарсы тұру барған сайын қиындап келеді.

Соңғы жылдары Молдовада Румыниямен бірігуді қолдайтындардың саны артып келеді. Биыл наурызда жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 42 пайызы бұл бастаманы қолдаса, 47 пайызы қарсы екенін білдірген.

Ал Румынияда қоғамдық қолдау әлдеқайда жоғары. Сауалнамаға сәйкес, тұрғындардың шамамен 72 пайызы екі елдің бірігуін қолдайды.

Қазіргі таңда Молдова халқының үштен біріне жуығы, шамамен 2,4 миллион адамның ішінде, Румыния азаматтығына ие. Сонымен қатар Румыния Молдованың ең ірі сауда серіктесіне айналып, елдің Ресей энергетикалық ресурстарына тәуелділігін азайту және еуропалық энергетикалық жүйелерге қосылуына қолдау көрсетіп келеді.

Пікірлер