Атырау мұнай өңдеу зауыты 26 маусымнан бастап жоспарлы алдын алу жөндеу жұмыстарына тоқтайды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Кәсіпорында жүргізілетін жұмыстар шамамен бір айға созылады. Жөндеу кезеңінде зауыттағы технологиялық қондырғыларға толық техникалық сараптама мен куәландыру жүргізіліп, жабдықтардың жай-күйі тексеріледі. Бұл – өндірістің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жыл сайынғы міндетті рәсім.
Зауыт әкімшілігінің мәліметінше, жоспарлы жөндеу заманауи әрі күрделі технологиялық жүйелердің тұрақты жұмысын сақтауға, жабдықтардың тиімділігін арттыруға және өндірістік процестердің үздіксіз әрі қауіпсіз жүруіне мүмкіндік береді.
Атырау мұнай өңдеу зауыты Қазақстандағы ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналады және елдің жанар-жағармай нарығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
