«Унитаздың суын ішкізді». Атыраудағы “Шаңырақ” балалар үйінің тәрбиеленушісі халықтан көмек сұрады

5079
Adyrna.kz Telegram

Желіде Атыраудағы «Шаңырақ» балалар үйінің тәрбиеленушісінің видеосы тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Видеода Нұрдәулет есімді балалар үйінің тәрбиеленушісі халықтан көмек сұрайды. Ол онда балаларды ұратынын, унитаздың суын ішкізетінін айтады.

Директор Асылжан мен психологқа “шыға тұрыңыздар” деді. Сосын маған “Нұрдәулет, мынаның бәрін өтірік деп айт, сонда ғана Шаңыраққа келгеннен кейін лидер қыламын, 3 күн батут, 3 күн кафе-ресторанға апарамын, жаңа телефон, жаңа киімдер алып беремін”, деді. Мені өзіне сатып алғысы келді. Жоқ, мынаның бәрі шындық.

Мына видеоны сіздер көріп отырсаңыздар, мен Шаңырақта әділдік орнағанын қалаймын. Әр баланың қиналғанын қаламаймын. Мен көрген қорлықты олар көргенін қаламаймын. Мысалы, мені ұрып-соғып, унитаздың суын ішкізді. Ертең өсіп келе жатқан балаларға қандай тәрбие, өнеге болады. Маған сол қызық. Ана жақта бүкіл бала қорыққаннан үндей алмай отыр. Директор қорқытып қойған. Сол үшін сіздерден көмек сұраймын, - деді видеода.

Бұл туралы журналист Армангүл Тоқтамұрат Facebook парақшасына жариялап, мұндай іс аталған балалар үйінде бірінші рет емес екенін айтты.

Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді. Атыраудағы “Шаңырақ” балалар интернаты тағы назарда. Естеріңізде ме, осы жылдың басында тағы да “Шаңырақта” балалардың бірі қатты таяқ жеп, сенім телефонына хабарласқанын “немолчи.кз” жазған еді. Директор балалардың еш зәбір көрмегенін айтқан ал, комиссия ешқандай заңбұзушылық анықтамаған.

Міне, тағы дәл осы “Шаңырақтың” баласы шырылдап отыр. Анық-қанығын құзырлы органдар анықтай жатар, егер баланың айтқаны рас болса, жауаптылар жазаланады деп сенейік! Айтпақшы, қазір депутаттар жер-жерді аралап жүр. Осы өңірден сайланған депутаттар ескерсеңіздер!

Бір айтпағым, елдегі балалар үйі біреудің жеке үйі емес. Мемлекеттік мекеме. Яғни, директордың, тәрбиешілердің өз міндеттері бар. Сол үшін айлық алады мемлекеттен, - деп жазды журналист.

Пікірлер