Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Ақордада журналистер мен медиа саласының өкілдеріне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Іс-шара барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен тәжірибелі мамандардың еңбегін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы қазақ тілінде тұңғыш эфир жүргізген, бүгінде 106 жасқа толған телевизия ардагері Зұлқия Жұматованы «Құрмет» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ Президент қазіргі медианың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белгілі журналистерді атап өтіп, олардың тәжірибесі жас буынға үлгі екенін жеткізді.
Жиында журналистерді әлеуметтік қолдау шараларына да ерекше назар аударылды. Биыл алғаш рет өңірлерде еңбек етіп жүрген БАҚ өкілдеріне пәтер кілттері табысталатыны мәлім болды. Жалпы алғанда, осы жылы 66 медиа қызметкері баспанамен қамтылады.
