Рахмон амнистия туралы заңға қол қойды. 11 мыңнан астам адам бостандыққа шықпақ

341
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/h6EqzRe5XmyCSEbN1iN6pEZrEbtTObIvEifgjRjK.jpg

16 маусымда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 18 мыңнан астам адамды қамтитын амнистия туралы заңға қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Амнистия Тәжікстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай жарияланған. Ел бұл мерейтойды 9 қыркүйекте атап өтеді.

Заңға сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарында және түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан, сондай-ақ бостандығынан айырумен байланысты емес өзге де жаза түрлеріне тартылған 11 305 адам жазадан толық босатылады. Сондай-ақ 6 733 сотталғанның өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады.

Заңда әйелдер мен кәмелетке толмағандарға ерекше назар аударылған. Жазасын өтеп жатқан 507 әйелдің 248-і бостандыққа шықса, 259 әйелдің жаза мерзімі қысқартылады.

Амнистия кәмелетке толмаған сотталғандарға да қолданылады. Жазасын өтеп жатқан 134 жасөспірімнің 99-ы толық босатылып, 35 жасөспірімнің қалған жазасы жеңілдетілмек.

Заңды жүзеге асыру үшін екі ай мерзім белгіленген.

Тәжікстанда соңғы рет амнистия 2021 жылдың шілдесінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған болатын. Ол кезде 25 мыңнан азамат амнистияға іліккен.

Пікірлер