Радиоактивті жемқорлық. Қытайға уран шығаруға әрекеттенгендер сотталды

111
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3Wku8yP3hNw85n0VCO1ZcwpglHoRl9hU0jhTsEGZ.jpg

Жетісу облысында ядролық материалдармен заңсыз айналысып, оларды Қазақстан аумағынан контрабандалық жолмен шығаруға әрекеттенген алты адамға қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Панфилов аудандық сотының мәліметінше, айыпталушылар ядролық материалдарды заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу, контрабандаға оқталу, қызметтік бабын пайдалана отырып жымқыру баптары бойынша жауапқа тартылған. Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер алдын ала сөз байласып, уран концентратын заңсыз иемденіп, оны Қытайға шығарудың схемасын ұйымдастырған. Олар материалдарды өндіріс орнынан жасырын алып шығып, сақтап, бірнеше адам арқылы тасымалдап, мемлекеттік шекарадан өткізуді көздеген.

Алайда заңсыз әрекет «Нұр Жолы» өткізу пунктінде тоқтатылды. Шекаралық бақылау кезінде радиоактивті зат анықталып, жүргізілген сараптама оның уран концентраты екенін және радиоактивтілік деңгейі белгіленген нормадан бірнеше есе жоғары болғанын көрсетті.

Сот шешімімен үш адам кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Тағы екі сотталушы 2 жыл 6 айға, ал бір айыпталушы 4 жыл 6 ай мерзімге сотталды. Барлық сотталғандар жазаларын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтейтін болады.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер