Геральдика және қазақтың дәстүрлі таңбалық жүйесі

150
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/S7xeQ9hiNK5uyYkKG7Hvh1AgnwMIlXIXSF6nHrJb.jpg

Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер жөніндегі сараптамалық кеңестен әзірге тек Семей қаласы мен Жетісу облысының төлтаңбалары ғана өткен.

 

Қалған 89 қала мен 16 облыстың рәміздері бұл сараптамалық сүзгіден әлі өтпеген күйде қалып отыр. Ал 195 аудан мен 2163 ауылдық округтің геральдикалық белгілері тіпті қаралу кезеңіне де жетпеген, яғни жүйелік тұрғыда тұтас бір деңгейдің рәміздік картасы әлі күнге дейін рәсімделмеген күйде тұр.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ МОЙЫНДАУЫ

Қазіргі таңда өңірлік рәміздерді (заңда нышан)бекіту мен пайдалану тәртібі әкімшілік деңгейде белгілі бір жүйеге түскендей көрінгенімен, оның ішкі ғылыми өзегі, құқықтық шекарасы және геральдикалық негізі әлі де толық нақтыланбаған.Қағаз жүзінде бар, тәжірибеде бар, бірақ ғылыми кеңістікте орны түбегейлі бекімеген бұл құбылыс бүгінгі геральдикалық саясаттың ең әлсіз тұстарының бірі ретінде көрініс беріп отыр.

2023 жылғы 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі геральдика жүйесін жетілдіру мәселесін арнайы көтеріп, бұл саладағы олқылықтарды ашық көрсетті. Президент өз сөзінде:«Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет. Аймақтық символдарды (дұрысы рәміз. авт.) әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн», – деп Үкіметке нақты тапсырма жүктеді.

Бұл мәлімдеме өңірлік рәміздер саласындағы жүйесіздік пен бірізділіктің жоқтығын мемлекеттік деңгейде мойындау болды. Шынында да, облыстар мен қалалардың қолданыстағы рәміздерінің пішіндік құрылымы, композициялық шешімі, түстік үйлесімі мен мазмұндық негізі әртүрлі, көп жағдайда геральдикалық талаптарға сәйкес келмейді. Соның салдарынан өңірлік рәміздердің бір бөлігі ресми рәміздік сипаттан гөрі көркем эмблемалық деңгейде қалып қойған. Мәселен, бір өңірдің рәмізінде күн бейнесі басым болса, екіншісінде тау немесе егістік мотиві үстем. Бірақ бұл белгілердің ешқайсысы бірыңғай геральдикалық стандартқа толық бағынбайды.

«НЫШАН» БА, ӘЛДЕ «РӘМІЗ» БЕ?

Осы жүйесіздікті реттеуге бағытталған, Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген қағидалардың өзінде де ішкі қайшылықтар бар. Ең алдымен көзге түсетіні – терминологиялық ауыс-түйіс. Құжаттарда ресми қолданыстағы «рәміз» ұғымы шетке ығыстырылып, оның орнына әдеби сипаттағы «нышан» сөзі енгізілген. Бұл – жай ғана сөз алмасу емес. Бұл – құқықтық табиғатты бұрмалау және геральдикалық жүйенің өзегіне тікелей соққы беретін концептуалдық ауытқу.

Неге? «Рәміз» – шартты мағынасы бар заттай белгі ғана емес, ол – құқықтық және геральдикалық тұрғыдан нақты регламенттелген категория. Оның композициялық құрылымы, түстер жүйесі, пропорциялары халықаралық және ұлттық геральдикалық нормалармен бекітіледі. Бұл – еркін түсіндірілетін ұғым емес, құқықтық режимі айқын, стандартқа бағынатын жүйе. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңда нақты орныққан. Ал «нышан» – белгі, ишара, сыртқы көрініс деген жалпылама мағына беретін сөз. Ол ғылыми категория да, құқықтық ұғым да емес.

Негізінен сөйлеу тілінде және көркем әдебиетте қолданылатын бұл терминнің рәміздік мәртебесі жоқ, құқықтық шекарасы белгіленбеген, композициялық құрылымы регламенттелмеген. Яғни ол ешқандай геральдикалық стандартқа тәуелді емес, демек – жауапкершілігі де, өлшемі де жоқ ұғым. Сондықтан «рәміз» бен «нышанды» тең қою – жай терминологиялық қателік емес. Бұл – құқықтық ұғымды бейтарап сөзбен алмастыру арқылы оның нормативтік негізін бұрмалау. «Рәміз» нақты нормаларға сүйенсе, «нышан» еркін түсіндіруге жол ашады. «Рәміз» – жүйе, «нышан» – сипаттама. «Рәміз» – құқықтық институт, «нышан» – тілдік белгі. Демек, бұл жерде мәселе атауда емес. Мәселе – құқықтық айқындық пен ғылыми дәлдіктің жойылуында. Терминдегі бұлыңғырлық автоматты түрде норманың әлсіреуіне, ал норманың әлсіреуі тұтас геральдикалық жүйенің күйреуіне әкеледі.

Дәстүрлі геральдикада негізгі құрылымдық элемент – қалқан. Бұл жай ғана көркемдік форма емес, тұтас жүйенің қаңқасы. Қалқанның ішінде түстер, белгілер, рәміздер қатаң тәртіппен, нақты ережелерге сәйкес орналастырылады. Ол композицияны біріктіретін ғана емес, оны реттейтін, шектейтін және құқықтық мән беретін құрылым. Басқаша айтқанда, қалқан – геральдиканың «қаңқасы» мен «тәртібі». Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан халықаралық стандарт. Ал министрлік қағидаларында «нышанның» пішіні де, құрылымы да мүлде көрсетілмеген. Бұл – жай кемшілік емес, ұғымның табиғатынан туындайтын олқылық. Себебі «нышан» түсінігінің өзінде геометриялық пішін, композициялық тәртіп немесе құрылымдық талап деген нәрсе жоқ. Демек, мұндай термин арқылы бірізді геральдикалық жүйе құру мүмкін емес.Нәтижесінде «нышан» халықаралық және ұлттық геральдикалық стандарттарға сәйкес келмейтін, құрылымсыз, шектеусіз белгіге айналады. Оның нақты анықтамасының болмауы – оның құқықтық мәртебесінің де, қолдану аясының да, шекарасының да жоқ екенін білдіреді. Бұл жағдай конкурстарда субъективті шешімдердің көбеюіне, ресми рәсімдерде түсіндірудің әркелкілігіне, ал құқық қолдануда бейберекет практикаға алып келеді. Ең бастысы – мұндай белгі геральдикалық жүйеге кіре алмайды. Өйткені геральдикада кез келген белгі нақты талаптарға бағынады: стандартталған пішін, дәл пропорциялар, бекітілген түстер жүйесі, композициялық тәртіп және айқын рәміздік мазмұн. Бұл талаптарсыз кез келген бейнежай графика ғана, рәміз емес. «Нышан» ұғымында осы талаптардың ешқайсысы жоқ. Сондықтан ол геральдикалық категория ретінде өмір сүре алмайды.Осыдан туындайтын басты сұрақ: құрылымы, шекарасы және нормасы жоқ белгі қалайша құқықтық мәртебеге ие бола алады? Егер бұл сұраққа нақты жауап болмаса, онда мәселе жекелеген нормаларда емес – бүкіл жүйенің негізінде жатыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық заңда «рәміз» ұғымы нақты әрі бірмәнді құқықтық категория ретінде бекітілген. Демек, осы ұғым мемлекеттік рәміздік жүйенің іргетасы болып табылады. Логика бойынша, өңірлік деңгейдегі белгілер де дәл осы құқықтық және геральдикалық жүйенің шеңберінде қалыптасуға тиіс еді. Алайда «өңірлік нышан» деген жасанды категорияның енгізілуі бұл тұтастықты бұзып отыр. Бұл – жай балама атау емес, құқықтық жүйеден әдейі немесе бейсаналы түрде алшақтау. Бір жағында – нақты регламенттелген «рәміз», екінші жағында – құқықтық шекарасы анықталмаған «нышан». Бұлайша қосарланған жүйе бірізділікті емес, түсіндірме еркіндігін туғызады, ал ол өз кезегінде құқықтық тұрақсыздыққа алып келеді.

ӘЛЕМДЕ ҚАЛАЙ, АУЫЛ-АЙМАҚТА ҚАЛАЙ?

Әлемдік тәжірибе бұған мүлде кері бағытты көрсетеді. Францияда аймақтық гербтер, Германияда жергілікті рәміздер, Жапонияда префектуралық белгілер – барлығы қатаң геральдикалық және құқықтық жүйеге бағынады. Олар көркем бейне ретінде емес, құқықтық-тарихи код ретінде бекітіледі және нақты нормалармен қорғалады. Яғни атауы да, мәртебесі де, құрылымы да бір жүйеге біріктірілген.Ал біздегі «нышан» ұғымы бұл деңгейге жетпек түгілі, оның қай категорияға жататыны да анық емес. Ол – рәміз де емес, эмблема да емес, бірақ ресми рәсімдер арқылы бекітіледі. Нәтижесінде құқықтық тұрғыдан анықталмаған, ғылыми негізі әлсіз, аралық сипаттағы белгі пайда болады. Бұл – жүйені толықтыру емес, оны іштей ыдырату.

Президент тапсырмасы геральдикалық кеңістікті жүйелеуге, ортақ стандарт қалыптастыруға және өңірлік рәміздердің құқықтық мәртебесін нақты айқындауға бағытталған. Бұл жерде мәселе жеке тәсілдер мен ведомстволық интерпретацияда емес, тұтас мемлекеттік логикада жатыр.

Өңірлік рәміздер – эстетикалық жоба немесе жергілікті дизайн элементі емес. Бұл – мемлекеттің рәміздік архитектурасының ажырамас бөлігі. Демек, мұнда көркемдік еркіндік емес, қатаң ғылыми тәртіп пен құқықтық бірізділік үстем болуға тиіс. Керісінше жағдайда әр өңір өз бетінше қалыптастырған белгіге сүйеніп, нәтижесінде ортақ ұлттық рәміздік жүйемен үйлеспейтін, фрагменттелген визуалды кеңістік пайда болады. Бұл – жүйенің тұтастығын әлсірететін фактор.

Бірыңғай ұстанымдар әзірлеу – мемлекеттің рәміздік саясатының стратегиялық бөлігі. Өңірлік рәміздер тарихи сабақтастықты, мәдени ерекшелікті және аумақтық бірегейлікті сақтай отырып, біртұтас геральдикалық қағидаттарға қатаң түрде негізделуге тиіс. Алайда қазіргі қағида Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер жөніндегі сараптамалық кеңестің толыққанды ғылыми талқысынан өтпеген. Оның ресми ғылыми қорытындысының болмауы – жай рәсімдік кемшілік емес. Бұл құжаттың ғылыми негізін әлсірететін, ал оның салдары ретінде құқықтық және геральдикалық сапасына тікелей әсер ететін жүйелік ақау. Осындай жағдайда қабылданған қағидалар ғылыми сараптамадан өткен норма емес, әкімшілік келісім деңгейінде қалып қояды. Ал рәміздік саясатта мұндай тәсіл ұзақ мерзімде жүйенің бірізділігін емес, оның бытыраңқылығын күшейтеді.

Ең күрделі түйін – құқықтық вакуум. «Нышан» ұғымының заңдық шекарасы айқын бекітілмеген жағдайда, оның мазмұны да, қолданылу аясы да, құқықтық қорғалуы да нақты жүйеге түспей, әртүрлі түсіндіруге жол ашық күйінде қалады. Мұндай жағдайда бір ғана терминнің өзі әкімшілік тәжірибеде әртүрлі мазмұнға ие болып, құқық қолдану тәжірибесінде бірізділікті бұзады. Бұл – мемлекеттік рәміздер саласы үшін жол берілмейтін аса қатерлі ахуал.

Рәміздер жүйесі – еркін интерпретацияға сүйенетін кеңістік емес, ол қатаң регламенттелген құқықтық және геральдикалық тәртіпке бағынатын тұтас құрылым. Сондықтан мұнда ұғымдардың дәлдігі – жай ғана лингвистикалық мәселе емес, мемлекеттік жүйенің тұрақтылығын айқындайтын фактор. Терминдегі ауытқу мазмұнды бұзады, ал мазмұндағы бұзылу біртұтас жүйенің іргесін шайқалтады.

Осы тұрғыдан алғанда, «өңірлік нышан» терминін қолдану – тек атау таңдаудағы қателік емес, құқықтық табиғаты толық қалыптасқан «рәміз» ұғымын бейтараптандырып, оның орнына мазмұны нақтыланбаған, құқықтық мәртебесі көмескі категорияны енгізу әрекеті.

Құжаттың өз логикасына үңілсек, бұл белгі конкурс арқылы таңдалады, қоғамдық талқылаудан өтеді, сараптамалық кеңесте қаралады және мәслихат деңгейінде бекітіледі. Яғни барлық рәсімдік тізбек оның ресми, мемлекеттік сипаттағы белгі екенін айқын көрсетеді. Ал мұндай мәртебедегі объектіні «нышан» деп атау – оның құқықтық табиғатын төмендетіп қана қоймай, оны геральдикалық жүйеден ішінара ажырататын концептуалдық сәйкессіздікке әкеледі.

Себебі «нышан» – құқықтық категория емес, ол көбіне әдеби, бейнелі және сипаттамалық деңгейде қолданылатын ұғым. Оның құрылымдық стандарттары да, геральдикалық талаптары да, қорғау тетіктері де заң жүзінде бекітілмеген.Сондықтан мәселе тек термин ауыстыруда емес, біртұтас жүйенің логикалық тұтастығында. Егер рәсім рәмізге тән болса, мазмұн рәміздік сипатта болса, ал құқықтық мәртебе белгісіз ұғымға тірелсе, онда бұл – жүйелік қайшылықтың айқын көрінісі. Мұндай жағдайда атау мен мазмұнның арасында алшақтық пайда болып, құқықтық жүйе ішкі үйлесімділігін жоғалтады. Осы себепті «өңірлік нышан» емес, барлық құқықтық және геральдикалық өлшемдерге сай келетін «өңірлік рәміз» ұғымы ғана жүйенің тұтастығын сақтай алады.

Әлемдік геральдика тәжірибесінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің ресми белгілері нақты құқықтық және тарихи негізі бар «герб» (елтаңба, төлтаңба) ретінде орныққан. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан, рәміздік бейнені ғана емес, мемлекеттік және аумақтық идентификацияны құқықтық деңгейде бекітетін жүйе. Осы жүйеде әрбір белгі композициялық құрылымға, түстердің геральдикалық заңдылығына және тарихи мазмұнға қатаң бағынады. Ал «өңірлік нышан» деген категория геральдика ғылымының ешбір классикалық бағытынада қолданылмайды, ғылыми айналымда орнықпаған, методологиялық тұрғыдан да бекітілмеген ұғым. Оның болмауы – жай терминологиялық кемшілік емес, бұл тұтас жүйенің ғылыми негізден ажырай бастағанын білдіретін симптом. Себебі геральдикада атауы жоқ категория – құқықтық және рәміздік жүйеде орны жоқ объект деген сөз. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл – жеке терминдік қате емес, геральдикалық жүйенің ішкі құрылымына тікелей әсер ететін концептуалдық сәйкессіздік. Яғни белгі бар, рәсім бар, бекіту тетігі бар, бірақ оны сипаттайтын ғылыми категория жоқ. Мұндай жағдайда жүйе логикалық тұтастығын жоғалтып, формальды рәсім мен мазмұндық негіздің арасында алшақтық пайда болады.

Қағиданың 4-тармағында «геральдикалық белгілерді сақтау» қажеттігі нақты көрсетілгені – құжаттың өзі геральдикалық жүйенің бар екенін мойындайтынын білдіреді. Яғни нормативтік деңгейде геральдикадан бас тарту жоқ, керісінше оны сақтау талабы бар. Бірақ дәл осы құжаттың атауында және негізгі терминологиялық өзегінде «нышан» ұғымының қолданылуы – ішкі қайшылықты айқын көрсетеді.Бұл қайшылық кездейсоқ үйлеспеушілік емес, нормативтік құрылымдағы логикалық диссонанс. Бір жағынан, құжат геральдикалық стандарттарға сүйенуді талап етеді, екінші жағынан, геральдикаға қатысы жоқ, құқықтық тұрғыдан нақтыланбаған «нышан» ұғымын негізгі категория ретінде енгізеді. Нәтижесінде құжаттың мазмұны мен терминологиялық аппараты бір-біріне сәйкес келмей, жүйенің ішкі тұтастығын әлсірететін жағдай қалыптасады. Осылайша, мәселе тек атауда емес, тұтас құқықтық-ғылыми архитектураның үйлесімінде. Геральдикалық талап бар, бірақ геральдикалық термин жоқ жерде жүйенің өзі толыққанды жұмыс істей алмайды.

ГЕРАЛЬДИКА ЖАЙ ҒАНА АТАУ ЕМЕС

Тағы бір даулы және ғылыми тұрғыдан аса мұқият қарауды талап ететін тұс – 5-тармақтағы рулық және тайпалық белгілерге қатысты толық тыйым нормасы. Бұл ереже сырттай қарағанда қоғамдық бірлік пен идеологиялық тұтастықты қорғауға бағытталғандай көрінгенімен, оның ішкі мазмұны тарихи-мәдени шындықпен толық үйлеспейді. Қазақтың дәстүрлі таңба жүйесі – жай рәміздік белгілеу ғана емес, ол ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік құрылымның, құқықтық қатынастардың және мәдени кодтың көрінісі. Ру таңбалары мен тайпа таңбалары белгілі бір тарихи кезеңде тек этнографиялық белгі емес, меншік, аумақтық сәйкестік және қауымдық таным жүйесінің ажырамас бөлігі болған. Демек, бұл жүйені толықтай терістеу немесе біржақты тыйым салу – тарихи феноменді нормативтік акт деңгейінде жоққа шығару қаупін тудырады. Мұндай тәсіл ғылыми әдіснама тұрғысынан да негізсіз, себебі ол мәдени құбылысты оның тарихи эволюциясынан бөліп алып, тек қазіргі саяси интерпретация аясында ғана қарастырады. Ал бұл – дәстүрлі таңба мәдениетін елемеу деген сөз. Нәтижесінде құқықтық норма тарихи-мәдени контекстен ажырап, біржақты және тар түсіндірмеге тәуелді болып қалады. Осы тұрғыдан алғанда, толық тыйым салу формуласы ғылыми негіздеуді талап етеді. Өйткені кез келген тарихи таңба жүйесі өзінің бастапқы контекстінен ажыратылғанда, ол автоматты түрде рәміздік деңгейден нормативтік шектеуге өтеді, ал бұл мәдени мұраның құқықтық тұрғыдан дұрыс бағаланбауына әкелуі мүмкін. Сондықтан мәселені абсолюттік тыйым логикасымен емес, мазмұндық саралау қағидатымен қарастырған әлдеқайда дұрыс. Яғни тарихи-мәдени құндылығы бар белгілерді мойындай отырып, олардың қоғамдық кеңістіктегі қолданылуын нақты құқықтық шектеулер арқылы реттеу қажет. Осыған сәйкес ғылыми тұрғыдан неғұрлым негізді нұсқа мынадай болуы тиіс: «Қоғамдық бөлінушілікке әкелетін рулық немесе тайпалық белгілерді пайдалануға жол берілмейді». Мұндай тұжырым бір жағынан тарихи-мәдени шындықты жоққа шығармайды, екінші жағынан қоғамдық тұтастықты сақтайды.

Қағида мәтінінде геральдикаға қатысты нақты, өлшенетін және міндетті нормалардың жоқтығы айқын байқалады. Атап айтқанда, геральдикалық жүйенің іргелі элементтері – қалқанның пішіндік құрылымы, түстердің классикалық тинктуралық жүйесі, композициялық тепе-теңдік қағидаттары, сондай-ақ рәміздік элементтердің өзара үйлесім заңдылықтары – құжатта мүлде регламенттелмеген.Бұл олқылық техникалық кемшілік қана емес. Бұл – геральдиканы ғылыми пән ретінде қалыптастырған халықаралық тәжірибеден саналы не бейсаналы түрде алшақтауды білдіретін әдіснамалық вакуум. Себебі геральдика – көркем безендіру жиынтығы емес, қатаң ережелерге бағынатын рәміздік-құқықтық жүйе. Онда әрбір сызықтың, әрбір түс комбинациясының және әрбір композициялық шешімнің өзіндік мағынасы мен нормативтік салмағы бар. Ал аталған қағидада осы базалық құрылымдық элементтердің болмауы геральдикалық белгіні жобалау процесін еркін, реттелмеген көркемдік интерпретация деңгейіне түсіріп жібереді. Бұл жағдайда нәтиже стандартталған рәміз емес, әртүрлі деңгейдегі субъективті графикалық шешімдер жиынтығына айналу қаупі жоғары. Соның салдарынан құжат геральдиканы жүйе ретінде емес, тек атау деңгейінде ғана мойындап, оның ішкі құрылымдық логикасын толық ашып көрсетпейді. Бұл – геральдикалық талаптардың институционалдық тұрғыда жүйеленбей, декларативті сипатта ғана қалғанын білдіретін маңызды айғақ. Осыдан келіп, қағидадағы басты мәселе жекелеген нормалардың жетіспеуі емес, геральдиканы біртұтас құрылым ретінде қарастыратын әдіснамалық негіздің жоқтығында.

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛІ ТАҢБАЛЫҚ ЖҮЙЕСІ

Тағы бір түйткіл – ғылыми сараптаманың институционалдық деңгейде әлсіреп, шешуші рөлден ығыстырылуы. Қағида құрылымына назар аударсақ, сараптамалық кеңес тек әдістемелік-консультативтік орган ретінде ғана сипатталған, яғни оның тұжырымдары міндетті күшке ие емес, тек ұсыныстық сипатта қалады. Бұл жағдай геральдикалық шешім қабылдау тізбегіндегі негізгі тепе-теңдікті бұзады. Себебі ғылыми сараптама – рәміздік жүйелерде эстетикалық пікір білдіретін қосымша құрылым емес, ол мазмұнның тарихи, геральдикалық сәйкестігін анықтайтын негізгі сүзгі болуға тиіс. Ал оның шешуші емес, кеңесші деңгейге түсірілуі ғылыми өлшемнің нормативтік деңгейден ығыстырылғанын көрсетеді. Нәтижесінде соңғы шешім әкімдік пен мәслихат деңгейінде қабылданады. Бұл – басқарушылық логика тұрғысынан түсінікті болғанымен, геральдикалық жүйе үшін жеткіліксіз. Өйткені рәміз – әкімшілік келісімнің нәтижесі емес, ол тарихи, мәдени және ғылыми сараптамадан өткен синтездің жемісі болуы керек. Ғылыми салада соңғы сөз кәсіби мамандарда, геральдика, тарих және мәдениеттану саласындағы сарапшыларда болуы заңды талап. Ал егер шешім қабылдау тізбегі әкімшілік рәсімдер мен ведомстволық келісімдерге көбірек сүйенсе, онда рәміздік нәтиже мазмұндық тереңдікке емес, рәсімдік үйлесімге тәуелді болады. Мұндай модельдің басты салдары – жүйенің сапалық өлшемнен формалдық өлшемге ауысуы. Яғни маңыздысы – ғылыми негізделген мазмұн емес, процедураның дұрыс өтуі болып қалады. Ал бұл өз кезегінде геральдикалық өнімнің тарихи-рәміздік құндылығын әлсіретіп, оны тек әкімшілік бекітілген графикалық белгі деңгейіне түсіру қаупін тудырады.

Құжатта өңірлік нышанның медальдарда, формалық киімдерде, сондай-ақ түрлі ұйымдардың эмблемалық жүйесінде қолданылуы көзделгенімен, оның құқықтық мәртебесін қорғау, рұқсатсыз пайдалануын шектеу немесе бұрмалауға қарсы жауапкершілік тетіктері нақты регламенттелмеген. Бұл – рәміздік белгіні нормативтік деңгейге көтеріп тұрып, оны құқықтық қорғау инфрақұрылымымен қамтамасыз етпеу дегенді білдіреді. Яғни белгі ресми айналымға енгізіледі, мемлекеттік және қоғамдық кеңістікте кеңінен қолданылады, бірақ сол белгінің тұтастығын сақтайтын құқықтық иммунитет қалыптастырылмайды. Мұндай жағдайда «нышан» формалды түрде мойындалғанымен, мазмұндық тұрғыдан қорғалмаған объектке айналады. Оның графикалық бейнесін өзгерту, коммерциялық мақсатта рұқсатсыз пайдалану немесе беделін төмендететін бұрмалаулар жасау сияқты әрекеттерге нақты құқықтық тосқауыл қойылмайды. Бұл өз кезегінде рәміздік кеңістікте бақылаусыз репликация мен стилистикалық еркіндіктің шамадан тыс кеңеюіне жол ашады.

Геральдикалық жүйеде кез келген белгі тек бекітілуімен емес, оның қорғалуының құқықтық режимімен де анықталады. Белгінің мәртебесі – оның қолданылу аясы ғана емес, сонымен қатар оның бұзылудан, өзгертілуден және рұқсатсыз көшіруден қорғалу деңгейімен өлшенеді. Ал қарастырылып отырған құжатта дәл осы екінші компонент – қорғау механизмі жүйелік түрде қамтылмаған. Осының нәтижесінде бір парадокс қалыптасады: белгі бар, оны қолдану аясы бар, бірақ оны сақтайтын құқықтық «қаңқа» жоқ. Бұл жағдай өңірлік рәміздердің құқықтық категориядан гөрі декларативті визуалды элемент деңгейіне түсіріп, оның институционалдық тұрақтылығын әлсіретеді.

Бұл қағиданың негізгі түйткілі тек терминологиялық сәйкессіздікпен шектелмейді. Мұнда мәселе әлдеқайда тереңірек – біртұтас ғылыми-әдіснамалық жүйенің ішкі тұтастығы бұзылған. Яғни жекелеген ұғымдардың алмастырылуы емес, сол ұғымдардың негізінде жатқан геральдикалық ойлау жүйесінің әлсіреуі байқалады. Ең алдымен, «рәміз» бен «нышан» ұғымдарының ара-жігі ғылыми және құқықтық деңгейде нақты ажыратылмаған. Бұл – тек сөздік айырмашылық емес, құқықтық мәртебесі бар категория мен мазмұны көмескі, стандартталмаған ұғымның бір деңгейде қарастырылуы деген сөз. Мұндай тәсіл жүйенің логикалық құрылымын бұзып, нормативтік айқындықты әлсіретеді. Сонымен қатар геральдиканың кәсіби талаптары – композициялық тепе-теңдік, түстік жүйе, тарихи рәміздер, құрылымдық стандарттар құжатта толыққанды ескерілмеген. Бұл геральдиканы ғылыми пән ретінде емес, формалды безендіру деңгейінде қарастыру қаупін күшейтеді. Ал мұндай редукция оның мазмұндық тереңдігін айтарлықтай төмендетеді.Одан бөлек, тарихи таңба мәдениетінің сабақтастығы да жүйелі түрде ескерілмей қалған. Қазақтың дәстүрлі таңбалық жүйесі – тек этнографиялық дерек емес, ол тарихи жадының, әлеуметтік құрылымның және мәдени кодтың бір бөлігі. Осы контекстен ажырату геральдикалық шешімдердің тарихи негізін әлсіретеді.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Осының барлығы жинақтала келе, өңірлік рәміздер ғылыми негізделген геральдикалық қағидаға емес, әкімшілік рәсімдер мен ведомстволық шешімдерге тәуелді болып қалғанын көрсетеді. Бұл жағдай рәміздік жүйенің мазмұндық тереңдігін азайтып, оны ғылыми реттелген құрылымнан гөрі басқарушылық деңгейдегі формалды механизмге жақындатады.

Ұсыныстар:

    1. «Өңірлік нышан» терминін «өңірлік рәміз» деп ресми бекіту.

    2. Өңірлік рәміз ұғымын құқықтық-геральдикалық тұрғыда нақтылап, оның балама атауы ретінде «төлтаңба» терминін нормативтік айналымға енгізу (елтаңба – мемлекеттік деңгейде, төлтаңба – өңірлік деңгейде).

    3. Геральдикалық стандарттарды нақты енгізу: композиция, түстер гаммасы, пропорциялар, рәміздік мазмұн.

    4. Құқықтық мәртебені айқындау: өңірлік рәміздер (төлтаңбалар) мемлекеттік рәміздер жүйесімен үйлесімді біртұтас иерархиялық құрылым құрауы тиіс.

    5. Конкурс, қоғамдық талқылау және сараптамалық бағалау рәсімдерін толық регламенттеу.

    6. Геральдикалық белгілерді әзірлеу және бекіту процесінде Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы сараптамалық кеңестің міндетті ғылыми-қорытынды рөлін заңмен бекіту.

    7. Өңірлік рәміздерді (төлтаңбаларды) заңсыз пайдалану, бұрмалау және коммерциялық мақсатта қолдануға қарсы құқықтық қорғау механизмін енгізу.

    8. Әр өңірдің тарихи-мәдени таңба жүйесін (рулық, аймақтық, тарихи символика) ғылыми негізде ескеретін геральдикалық архив және дерекқор қалыптастыру.

Егер рәміздер мәселесі ғылыми-геральдикалық стандарттардан ажырап, тек әдеби, бейнелі немесе стилистикалық терминдер шеңберінде ғана реттелетін болса, онда бұл үрдіс уақыт өте келе жеке бір салалық қателік емес, тұтас жүйелік дағдарысқа ұласады. Мұндай жағдайда қазақ геральдикасы біртіндеп өзінің концептуалдық негізінен айырылып, ішкі құрылымы әлсіреген, тарихи-ғылыми іргетасы шайқалған жүйеге айналу қаупі бар. Өйткені рәмізжай ғана визуалды композиция немесе көркембезендіру емес. Олтарихи жадының жинақталған кодыұлттың рухани иммунитетін айқындайтын символдық қорған және мемлекеттілік мәдениетінің концентрленген, ықшамдалған көрінісі. Рәміз арқылы мемлекет өзінің тарихи сабақтастығын, кеңістіктік бірегейлігін және мәдени идентификациясын бекітеді. Сондықтан мұндай деңгейдегі құжаттар эмоциялық пайымға, стилистикалық әсерге немесе тілдік әсемдікке сүйенбей, қатаң ғылыми дәлдікке, тарихи сабақтастық принципіне және кәсіби геральдикалық сараптаманың сүзгісінен өткен тұжырымдарға негізделуге тиіс. Бұл – талғам мәселесі емес, жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін міндетті шарт.

Олай болмаған жағдайда, ұлттық рәміздер жүйесі өзінің мазмұндық өзегінен ажырап, ғылыми негізін жоғалтып, тек формалды рәсімдерге құрылған, мән-мағынасы әлсіреген қағаз жүзіндегі құрылымға айналып тынады.

Айдын Рысбекұлы,

Геральдист

Пікірлер