Қайта жаңғыртылған екі теміржол вокзалы елімізде алғаш рет Абай облысында пайдалануға берілді

189
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4xf76B0qPTPr5m4obGjeUiEMsG3cERwRtWaS7gTa.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика бойынша 124 вокзалды жаңғырту жұмысы басталған болатын. Бүгін Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш ауылдарындағы теміржол вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін елімізде алғаш болып пайдалануға берілді. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиев қатысты.

Ауыл станциясында 600-ден астам тұрғын бар. Мұндағы теміржол вокзалы 1929 жылы салынған. Соңғы рет 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ауыл станциясы өңірдің көлік жүйесінде маңызды орын алады. Станция арқылы халықаралық бағыттағы «Новосибирск – Алматы» пойызы қатынайды. Белағаш ауылында 900-ден астам халық тұрады. 
Елді мекендегі теміржол вокзалы 1914 жылы бой көтерген. Ғимаратқа соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.

Реконструкция барысында Ауыл станциясындағы теміржол вокзалы ғимаратының аумағы 240,9 шаршы метрден 272,89 шаршы метрге, Белағаш теміржол вокзалы аумағы 208 шаршы метрден 264,55 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Екі нысанда да шатыр толық ауыстырылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Су, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау, желдету және кондиционерлеу жүйелері жаңартылды. Перрондар қайта жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылды. Вокзалдар жаңа жиһаздармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, қарт адамдар мен кішкентай балалары бар аналарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Ғимараттарда арнайы санитарлық тораптар, ана мен бала бөлмелері, пандустар мен тактильді бағыттаушы элементтер қарастырылған.

Аймақ басшысы қайта жаңғыртылған вокзалдардың елді мекен тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистика әлеуетін арттыру, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Абай облысында 10 теміржол вокзалын реконструкциялау қолға алынды. Бүгін міне, екі бірдей темір жол вокзалын қайта жаңғыртып, ел игілігіне беріп отырмыз. Жарма, Үшбиік, Ақтоғай, Дегелең, Жалаңашкөл, Шар вокзалдарын қыркүйек айына дейін кестеге сай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Семей мен Аягөз қаласындағы вокзалдар жылдың соңында дейін пайдалануға беріледі. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындар мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, қауіпсіздік талаптарын күшейту және теміржол қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтеру. Жаңартылған вокзалдар ауыл тұрғындары мен өңір қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, халық игілігіне айналады деп сенемін. Осы игі іске атсалысып, қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов өз сөзінде республика бойынша 124 вокзалдың жаңғыртылып жатқанын, соның ішінде екі нысан алғаш болып Абай облысында пайдалануға беріліп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 2025 жылы басталған, Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ауқымды жоба еліміздің көлік инфрақұрылымын кешенді жаңартуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және саяхат үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған», – деді ол.

Қазіргі уақытта Абай облысында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында 8 теміржол вокзалын (Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік және Жарма станциялары) жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Пікірлер