«ҚазМұнайГаз» бұған дейін кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған мұнай өндіруші «Phystech II» компаниясын өз меншігіне алды. Бұл туралы Қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланған деректерден белгілі болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай-газ өндіретін кәсіпорын 29 мамырда ұлттық компанияның теңгеріміне берілген.
2023 жылғы қазан айында «Phystech II» компаниясы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің меншігіне 35,4 млрд теңгеге өткен болатын. Одан кейін бұл актив «Самұрық-Қазына» қорының басқаруына беріліп, ол оны Мемлекеттік мүлік комитетінен 8,1 млрд теңгеге сатып алған. Кейіннен билік компанияны жекеменшікке беру жоспарын қарастырған.
2023 жылғы 3 қазанға дейін Phystech II-нің жалғыз акционері тікелей Қайрат Боранбаевтың өзі болған. Кейін компанияның 99,28%-ы «Қазстройпроект-А» инвестициялық-девелоперлік ЖШС-нің иелігіне өткен. Ал ресми түрде компания Қаржы министрлігінің меншігіне 2024 жылдың II тоқсанында ғана берілген.
«Phystech II» геологиялық барлау және іздестіру жұмыстарын жүргізеді, мұнай кен орындарын игерумен және мұнай өндірумен айналысады. Компания 2015 жылы Маңғыстау облысының Ақтау қаласында тіркелген.
«Өзенмұнайгаз» бас директорының орынбасары ұсталып қана қойған жоқ, тағы 160 заң бұзушылық анықталды
