ЕО заңсыз мигранттарды Қазақстан мен Өзбекстанға жіберуі мүмкін

113
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qnK4Wb3LVwbGxNBc8s40Fd3Ze5xtRa8ASJPcnRaB.jpg

Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің бір тобы ЕО құрамына кірмейтін 8–10 елге өз аумағында Еуроодақтан баспана алуға өтініші қабылданбаған мигранттарды орналастыру орталықтарын құруды ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Politico жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Басылым дерегінше, заңсыз мигранттарды үшінші елдерге шығару рәсімінде ЕО-ның серіктестері ретінде Қазақстан мен Өзбекстан да қарастырылуы мүмкін. Мәліметтерге сәйкес, мұндай орталықтарды құру жобасын Нидерланд, Аустрия, Дания, Германия және Грекия бірлесіп әзірлеп жатыр.

«Бұл екі тараптың да мүддесіне сай келетін шешім ретінде қабылдануы тиіс», – деді Politico басылымына сұхбат берген дипломаттардың бірі.

Айтуынша, серіктес елдерге жауап ретінде даму саласындағы көмек немесе визалық режимді жеңілдету ұсынылуы мүмкін.

Басылымның жазуынша, Еуроодақ елдері ықтимал келіссөздерге қатысатын мемлекеттердің атын ашық атаудан тартынуда. Бұған Руандадағы заңсыз мигранттарды депортациялау орталығы төңірегіндегі дау және Италия мен Албания арасындағы ұқсас келісімге қатысты құқықтық мәселелер себеп болып отыр.

«Жыл соңына дейін жобаның нақты жоспары болғаны жөн. Яғни кем дегенде бір ел нақты келіссөздер жүргізуге дайын екенін көрсетуі керек», – деді тағы бір дипломат анонимді түрде.

Франция мен Германия депортация орталықтарының жұмысын дереу бастауды талап етіп отыр. Ал бірқатар ЕО елі ұлттық заңнамаларын жаңа талаптарға сәйкестендіру үшін уақыт сұрауда. Еуропарламент те жаңа шараларды шұғыл түрде енгізуді қолдайды.

Наурыз айында Еуроодақтың көші-қон саясатын едәуір қатаңдататын бастаманы Еуропарламенттің азаматтық бостандықтар, әділет және ішкі істер жөніндегі комитеті мақұлдаған болатын. Кейін бұл бастама Еуропарламенттің жалпы отырысында да қолдау тапты.

Мамыр айының соңында Еуропарламент пен ЕО елдерінің өкілдері заңсыз мигранттарды үшінші елдердегі арнайы орталықтарға орналастыру мәселесі бойынша келісімге келді.

«Ашық қалған барлық саяси мәселе жан-жақты талқыланып, алдын ала келісілді», – деп мәлімдеді келіссөзге қатысушылар.

Әзірге жаңа ережелердің нақты қашан күшіне енетіні ғана белгісіз. Жаңа шаралар Еуропа елдеріне ЕО аумағынан тыс жерде депортация орталықтарын құруға мүмкіндік береді. Ол жерлерге баспана сұрау өтініші қабылданбаған және шыққан еліне қайтару мүмкін емес адамдар жіберіледі.

Алайда Еуроодаққа ересектердің қарауынсыз келген кәмелетке толмаған балалар депортацияланбайды. Құжатта сондай-ақ билік шешіміне қарамастан ЕО аумағынан кетуден бас тартқан тұлғаларға қатысты жазаны күшейту көзделген. Мұндай шаралар елге кіруге тыйым салудан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі санкцияларды қамтиды. Бұдан бөлек, заңсыз мигранттарға төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды қысқарту немесе толық тоқтату ұсынылып отыр.

Жаңа ережелер үкіметтік емес ұйымдардың қатаң сынына ұшырады. Құқық қорғаушылар мұндай тәжірибе адам құқықтарының жүйелі түрде бұзылуына әкелуі мүмкін деп есептейді. Өйткені жаңа тәртіп заңсыз мигранттарды өздерімен ешқандай байланысы жоқ елдерге жіберуге мүмкіндік береді.

Пікірлер