Қарағандыда жаңа экосаябақ құрылысы басталды

91
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3sy5gFLmQQ3iJHBSFPECxdL4mUSimaTSPKC13jKe.jpg

Қарағандыда қаланың ең ірі жасыл аймақтарының біріне айналатын жаңа экосаябақ салына бастады. Ол Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс шағынаудандарының арасында орналасады. Экосаяаққа 200 гектар жер бөлінген. Жобаның бастамасы ретінде ағаш егу жұмыстары қолға алынды.

«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында мың түп ағаш – емен, алма, қарағай және қарағаш көшеттері егіліп, 

болашақ саябақтың іргетасына символикалық тас қойылды.

Ауқымды шараға жастар, еріктілер, қоғам белсенділері мен депутаттар қатысты.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мұндай жобалардың қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

— Біз Қарағандыда жаңа экосаябақ ашып жатырмыз. Бұл – өте жақсы бастама. Аумағы кең, маңайда жаңа шағынаудан мен спорттық кластер салынып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа ұқыпты қарау әр тұрғынның күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет айтқан болатын. Бүгінде бұл қағидалар ел бойынша мыңдаған адамды біріктірген «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Экосаяьақ – енді жай ғана демалыс орны емес, экология мен адамдардың өмір сапасына әсер ететін заманауи қалалық ортаның бір бөлігі. Әрбір жаңа ағаш – таза ауа мен Қарағандының болашағына қосылған үлес. Жайлы әрі таза қала әр адамның өз ауласына, көшесіне және қоршаған ортаға деген ілтипатынан басталады, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. — Тұрғындар мен бизнесті көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын.

Қарағанды тұрғыны Магомед Зауров бала кезінен болашақ экосаябақ аумағындағы көлдердің маңында уақыт өткізгенін айтты.

— Мен үшін Қарағанды – Қазақстандағы ең үздік қала. Біз осы жерде шомылып, балық аулайтынбыз. Енді бұл жер бұрынғыдан да көркейіп, егілген барлық ағаштар тамыр жайып, қала тұрғындары мен қонақтарын қуантса екен деймін, — деді ол.

Ерікті Жанарай Санақбайдың айтуынша, жастар экологиялық бастамаларды белсенді қолдайды.

— Мен жеті жылдан бері волонтерлікпен айналысып келемін. Біз экологиялық акциялар мен ағаш егу шараларына үнемі қатысамыз. Осындай саябақтың ашылуы – қаланың болашағы мен жастар үшін тамаша идея, — дейді ол.

Экосаябақ құрылысы Қарағандының жаңа ауданын дамыту жобасының бір бөлігіне айналады. Қазірдің өзінде Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстыратын айналма жол салынып жатыр.

Алдағы уақытта мұнда серуендеуге арналған аллеялар, спорт алаңдары, веложолдар және барлық жастағы тұрғындарға арналған демалыс аймақтары пайда болады.

Саябақ аумағында коммерциялық нысандар салу жоспарланбаған. Оны серуендеуге, отбасылық демалысқа және таза ауада спортпен айналысуға арналған орын ретінде сақтау көзделіп отыр.

Сонымен қатар бұл аумақта көлемі 72 гектар болатын ірі спорттық кластер құру жоспарланған. 

Жоба аясында әмбебап арена, Мұз сарайы, жеңіл атлетика манежі, 12 мың көрерменге арналған UEFA санатындағы стадион салынып, Футбол академиясының құрылысы басталып кеткен.

Пікірлер