Қарағанды облысында қолайсыз ауа райына байланысты республикалық маңызы бар Қарағанды–Астана автожолы уақытша жабылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы 13 желтоқсанға қараған түні облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, өңірде температураның күрт ауытқуы мен ауа райының нашарлауына байланысты жолдарда көктайғақ пайда болған. Күндіз ауа жылынғанымен, кешкі уақытта жауын-шашынның түсуі мен желдің күшеюі салдарынан температура қайта төмендеп, жол беті мұздаған.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық бағытта бақылау күшейтіліп, патрульдік полиция батальонының қосымша экипаждары жұмылдырылған.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бағыттарға 30 полиция наряды шығарылды. Олар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілерге сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертуде», – деді Қарағанды облысы ПД патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Сондай-ақ түнгі сағат 02:00-ден бастап патрульдік полиция қызметкерлері Теміртаудан Ақмола облысының шекарасына дейін шамамен 300 көлікті алып жүріп өткен.
Полиция қазақстандықтарды ауа райы тұрақталғанға дейін алыс жолға шықпауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.