Қазақтілді медиа өкілдері ынтымақтастық туралы келісім жасасты

158
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3EhsszrBD3RVXJHk2zs3AMesWf9JYutaLapGO7Ie.jpg

«Qazaq Media Association» заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер бірлестігі «Жас алаш» ЖШС, «Almaty Aqparat» медиахолдингі және «Қала мен дала» газетімен Өзара ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар меморандум негізінде қазақтілді ақпарат кеңістігін дамыту, редакциялар арасындағы кәсіби байланысты нығайту, медиа саладағы ортақ бастамаларды қолдау және ақпараттық әріптестікті кеңейтуге келісті.

Меморандумға «Qazaq Media Association» ЗТжЖКБ төрағасы Ербол Азанбек, «Almaty Aqparat» медиахолдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы, «Жас алаш» ЖШС директоры Ринат Рахимов және «Қала мен дала» газетінің өкілі Жарас Ниязбек қол қойды.

«Qazaq Media Association» құрамына қазақтілді интернет-басылымдар мен ақпараттық платформалар кіреді. Ал «Almaty Aqparat» медиахолдингі құрамына «Алматы ақшамы» және «Вечерний Алматы» газеттері мен үш ақпараттық ресурс пен әлеуметтік желілер кіреді. «Жас алаш» ЖШС құрамына «Жас алаш» газеті мен сайты кіреді. «Қала мен дала» газеті қазіргі таңдағы жекеменшік санаулы газеттердің бірі. 

«Qazaq Media Association» ЗТжЖКБ төрағасы Ербол Азанбек меморандумның маңызына тоқталып:

«Қазақ медиасының алдында бірлесе шешуді қажет ететін ортақ міндет көп. Ақпараттық қауіпсіздік, сапалы контент, қазақ аудиториясының сұранысына сай жаңа форматтар, қаржыландыру - мұның бәрі тізе қоса жұмыс істеуді қажет етеді. Бұл меморандум - бәсекелестіктен бұрын серіктестік мәдениетін қалыптастыруға жасалған қадам. Қауымдастық алдағы уақытта түрлі бағыттар бойынша жұмысын жандандырады. Атап айтқанда, алдағы күндері республика көлемінде қауымдастық құрамына кіруге ниет танытып отырған БАҚ-тарды қабылдау жұмыстарын жалғастырамы. Жуырда Астанада, Алматыда барлық БАҚ өкілдерінің басын қосып, ортақ мәселелерді шешу жолын талқылаймыз. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия журналистер қауымдастықтарымен ынтымақтаса жұмыс істеу жайы да пысықталуда»,- деді.


«Almaty Aqparat» медиахолдингі бас директоры Ержан Қалымбайұлы:

«Қазақтілді медиа бір-бірін қолдағанда ғана ықпалды ақпараттық орта қалыптасады. Біз тәжірибе алмасуға, ортақ жобалар жасауға және кәсіби байланыстарды күшейтуге мүдделіміз», - деді.

«Жас алаш» ЖШС атқарушы директоры Ринат Рахимов:

«Бүгінгі медиа кеңістікте сапалы журналистика мен жауапты ақпарат тарату ерекше маңызды. Осындай ынтымақтастық алаңдары қазақ баспасөзінің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді», - деп атап өтті.

«Қазақ баспасөзі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, ұлттық мүддеге қызмет етуі керек. Бұл меморандум - әр редакцияның тәжірибесін біріктіріп, оқырманға сапалы әрі сенімді ақпарат ұсынуға бағытталған маңызды қадам. Ортақ құндылықтар төңірегінде бірігу - бүгінгі уақыттың талабы», - деді «Қала мен дала» газетінің өкілі Жарас Ниязбек.

Тараптар алдағы уақытта бірлескен медиа-жобаларды жүзеге асыру, кәсіби форумдар мен кездесулер өткізу, журналистердің тәжірибелерін шыңдап, бір-бірлеріне ақпараттық қолдау көрсету және қазақтілді контентті дамыту бағытында бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаласты.

Пікірлер