1 маусым балалар күніне орай Астана қаласында “Көкжиек” балаларды дамыту орталығының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Көкжиек” балаларды дамыту орталығы – балалардың жан-жақты білім алып, шығармашылық қабілетін дамытуына бағытталған заманауи оқу орталығы. Мұнда мектепке дейінгі дайындық, сауат ашу, ағылшын тілі, логикалық ойлау, шығармашылық және танымдық бағыттағы сабақтар өткізіледі. Орталықта балалардың біліммен қатар ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне де ерекше көңіл бөлінген.
Сонымен қатар, орталық ішінде қазақ руханияты мен мәдениетіне үлес қосқан тұлғаларға арналған арнайы танымдық бөлмелер жасақталған. Атап айтқанда, ақын Төлеген Айбергенов, сазгер Шәмші Қалдаяқов және ақын-жазушы Мұхтар Шаханов есімдері берілген бөлмелер ашылған. Бұл бөлмелер арқылы балалар қазақ әдебиеті мен мәдениетін тереңірек танып, рухани тәрбие алады.
Іс-шара барысында оқу орталығының жетекшісі әрі “Адырна” ұлттық порталы директоры Арман Әубәкір сөз сөйлеп, орталықтың басты мақсаты – балалардың сапалы білім алып, қабілетін жан-жақты дамытуына мүмкіндік жасау екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр балаға жеке көңіл бөлініп, олардың қызығушылығына сай бағыттар ұсынылады.
Сондай-ақ, жиында “Astana” Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жұмашов Гамали Мәулейұлы сөз сөйлеп, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуына арналған мұндай орталықтардың қоғам үшін маңызы жоғары екенін айтты.
Салтанатты ашылуға ата-аналар мен балалар қатысып, орталықтың мүмкіндіктерімен танысты. Сонымен қатар, бүлдіршіндерге арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Кеш соңында қонақтарға арнайы фуршет дастарханы жайылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.






"Сіз секілділерді педагогикаға зеңбірек оғы жететін жерге жақындатпау керек!" - деген едім директорыма... Ондайлар білім саласында әлі өріп жүр...
